Жылан улы әйел

Айнагүл келін болып түскен шаңырақ қарапайым, ұйымшыл, балалы-шағалы отбасы еді. Бір үйде жалғыз өзі ерке болып өсіп, бетіне шыбын қонып көрмеген қызға мына қым-қиғаш, у-шуға толы отбасының бала-шағасы ұнай қойған жоқ. Үйленуге қатысты отбасындағы тойтомалақ саябырсыған соң, үй шаруасына қолғабыс тигізу қажеттігін білсе де, еркелеу өскен жас келіннің оған мойны жар бермеді. Сонан кейін ретін тауып, өзі сүйіп қосылған жан-жарына ілесіп, қолтықтасып, қала жаққа қыдырып жүре беретін. Бірақ қанша қашқалақтағанымен, қыруар балашағаға тамақ пісіру, ыдыс-аяқ жуу, үй жинау сияқты шаруалар жас келіннің еншісіне жиі-жиі тиіп қалып жүрді.

Тумысынан қулық-сұмдыққа бейім Айнагүл енді мұндай көңілі қаламайтын үй шаруасынан құтылудың жолдарын ойластыра бастады. Ақ төсекте сұлап жатып, оның да оңтайлы жолын тапты. Жас күйеуі жұмыстан шаршап-шалдығып келгенде ол аяқ астынан «ауырып» жатып қалатын болды. Біреудің бетінен қақпай еркелетіп өсірген қызы екенін білген қарапайым кемпір мен шал мұндайда келіндерінің астыүстіне түсіп, бәйек болады. Жасы біразға келіп, өзі де сүрініп-қабынып жүрсе де, тумысынан жуастау енесі байғұс:

— Қарағым, ештеңеге қолыңды тигізбей-ақ қойшы, өзімнің істеп жүрген шаруам ғой, денсаулығыңды күт, — деп, жас келінін жұмсауды тіпті қойды. Ойына алған ісі орындалып, Айнагүл енді түске шейін ұйқысын қандырып, одан кейін кітабын оқып, демалып шалжиып жатуды әдетіне айналдырды. Жағдайын сұраған құрбыларына:

— Бүйрегім жас күнімнен ауырады, үй шаруасын жасауға маған болмайды, — деп дабыра жасап қойды. Оны естіген ата-енесі: — Бейшара қыз-ай, ауру екен, енді қалай сәбилі болады? Жас күнінен аурушаң болғанын айтсаңшы, — деп қатты қайғырды. Бұл бір таптырмас айла екен, қит етсе жас келін бүйірін ұстап, жамбастап жата қалады. Содан бастап жас келіннің қас-қабағына қарап, атасы, анасы, күйеуі, қайын сіңлілері мен қайындары асты-үстіне түсіп, аяқтарының ұшымен жүрді. Андамұнда күйеуі жас әйелінің бетіне тіктеп қарап қалса болды, оған да Айнагүл тағы таптырмас бір айла-тәсіл тапты. Тура қолма-қол құлап, «талып» қалады. Ал енді үрейленбей көр. Оның үстіне көп ұзамай аяғы ауыр екені белгілі болды. Бұл да тілегеніне дәл келді. Бүкіл ауыл төңірегінде жалғыз бала табатын өзі болғандай, жер мен көкті аяғымен баса алмай, енді күйеуінің туған-туысқандарына әмірін жүргізе бастады.

— Ойбай-ау, сәбиін аман-есен тауып алса екен, — деп, енесі байғұс күні-түні жас келінін уайымдайтын болды. Айнагүлдің айтқаны жүріп, дегені іске асырылып тұрды. Ақыры бір күні былқ, бір күні сылқ болып жүріп, баласын аман-есен туып алды. Солақ екен, күйеуінің бүкіл тұқым-тұқияны оның қолына енді «су құятын» болды. Қалайша енді оған барлығы иілмейді, балпанақтай ұл тауып отыр ғой. Осы беделмен жүре берсе дұрыс болар еді, бірақ жас келіннің бойындағы көк долы жыны жиі-жиі қозып, қайын сіңлілеріне көз алартып, бүйідей тиіп, онымен қоймай аузы-басы шошаңдап, ішінде өтірігі-өсегі шашбаудай өрілген сөздерді қардай борататын болды. Ол не айтса да байғұс күйеуі «ләббай, тақсыр» деп иілумен күні өткізді. Өйткені абайсызда әйелінің бір сөзіне қарсы келе қалса, ол тура көше екеніне де, дала екеніне де қарамай «жүрегінің талмасы ұстап», құлап түседі.

Мұны көрген жұрттан жігіттің өзі қарадай болып ұялатын. Содан кейін «Ойбай, сенікі дұрыс» деп ығына жығылып, құтылып жүрді. Осылайша туысқандарына әмірін жүргізудің оңай жолын тауып, әдетіне айналдырып алған Айнагүлдің көктен іздегені жерден табылып, ақ дегені ақ, қара дегені қара болып, айдарынан жел есті. Долылығы жетерлік, тілінен жыланның уы төгілетін кертартпа әйелдің мінезін туыстары енді ұға бастады. Тіпті, жамағайын бір кемпір:

— Қарағым-ау, өзің жап-жас болып, күйеуіңе күн көрсетпей сілкілей беретінің не? Ұят емес пе?! — деп, бетің бар, жүзің бар демей айтып тастаған. Кемпір кете салысымен көк долы келіннің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, қарғап-сілеп қара жерді тепкілеген. — Қақпас, қатып қал, мені тәрбиелейтін сен кім едің? — деп ашудан көгеріп, сазарып, жарылып кете жаздаған. Оның долылығына қанық болған естіген құлақтың иелері үндемей құтылған.

Содан айға жетпей байғұс кемпір о дүниелік болып кетті. Оны естіген Айнагүл:

— Мені ренжітіп еді, кәрі қақпас, өзіне сол керек! — деп қатты масаттанды. Бұл әңгіме айна-қатесіз құлағына жеткен енесі біраз нәрсені ұққандай болды. Келінінің мейірімділіктің, инабаттылықтың нышанынан құралақан, қатыгез, менменшіл, бірбеткей долылығы талай есекке жүк болатынын ұқты. Ұқты да, бір күні ұлын шақырып алып:

— Балам, мына әйелдің пиғылы жаман екен, сені ит қылып арбасына жегіп алды ғой, ерте бастан құтыл, — деп ақылын айтты. Күйіп-сүйіп алған әйелін қисын ба, ұлы:

— Сіз шатасып тұрсыз, Айнагүл жақсы әйел, бірақ мінезі, әрине, жетерлік, — деп, шарасыздықтан желкесін қасыған. Енесі мен қайын сіңлілерінің өзіне деген көзқарасы өзгергенін көріп, адуынды келіннің бойындағы шайтаны қозып, тіпті ашуымен жел щайқалтатын болды. Өйтіп-бүйтіп жүріп, күйеуін алдына салып, ауылдың жақын маңына орналасқан қалаға көшіп кетті. Әй, содан кейін білгенін істеді-ау, екінші балаға аяғы ауыр болып еді, байғұс момын күйеуін тіпті «ат қылып ерттеп мініп» алды. Ол болса жанжалдан қашып, отыр десе отырады, тұр десе тұрады, жүр десе жүреді, күл десе күледі. Көкбет әйелді жеңген еркек шамалы ғой. Момын күйеуінің туған-туысқандарын тұқым-тұқиянына шейін тілдеп, жамандап бездіріп бітті. Енді бет-аузы шімірікпей:

— Сенің әкең сондай, сенің шешең мұндай, — деп, екі күннің бірінде бетіне май шыжғырып басып, онысымен қоймай, бүкіл туған-туысқанына топырақ шашып, айтқанын жасататын көк долы әйелге айналды. Сөйтіп жүргенде күйеуінің әкесі шал байғұс о дүниелік болды, оны естіген келіні:

— Сауап болды, қақпас! Маған ана жылы көзін адырайтып, дауыс көтерген, қатты ренжігенмін, — деп, мысықтілеу әдетіне басты. Одан көп ұзамай аурушаң енесі қайтыс болды.

— Мені жақтырмайтын еді, өлгені жақсы болды, — деді долы келін бет-аузы бүлк етпей. Санасыздығы соншалық, өзі шаңырақ құрып, балалы-шағалы болып отырған күйеуінің ата-анасына деген өшпенділігін ел-жұрттан жасыруды да білген жоқ…

Сөйтіп жүріп тағы екі ұл тауып, баланың санын төртке жеткізді. Бала санын көбейткені құрысын, күйеуінің төбесіне қайнататын «шәугімі де» енді тіпті оттан түспейтін болды. Жігері құм болып, сөлбірейген жігіт амалсыз жылан улы әйелінің барлық айтқан сөздерімен келісуге мәжбүр болды. Без деген туысқанынан безіп кетті, ұрыс деген туысқанымен ұрысып тынды, көрме дегенімен ат құйрығын кесісті. Осымен жын-шайтанды болмысына кіргізіп алған долы әйел тынши қоймады. Өзгелерді қаралау мен жаралау жалғаса берді. Жер бетіндегі жалғыз жақсы адам Айнагүл ғана екен. Осылайша шұбалаңқы өмір өтіп жатты. Күндердің күнінде жігіт ағасы төсегінде ұйықтап кетіп, жүрегі соқпай тоқтап қалды. Улап-шулап жылап келген күйеуінің туысқандарын көкбет әйел жүзінен жылан уындай төгілген зәрін шаша қарсы алды.

— Сендер күйеуімді өлтірдіңдер, сендер түбіне жеткен, — деп, аузына келгенді қардай боратып, қара күйені оңды-солды жағып жатты. Шыдағаны шыдады, шыдамағаны айналып, есіктен шығып жүре берді. Байғұс күйеуінің түбіне өзі жеткенінен бейхабар әйел барлық пенделерді қаралап, қарғыстап, өз шашын өзі жұлып, айғайлап жатты. Жиналғандар үнсіз тыңдап тұрып, жағаларын ұстады.

— Енді оның сөзін тыңдап, екі етпейтін күйеуі жоқ, еркелігін кім көтеріп, кімге билігін жүргізіп, әмір етер екен? — деген әйелдер өзара күңкілдесіп, сырттан қарап тұрып бастарын шайқады. Жыланның уы төгілген жала да жалған сөздер долы әйелдің арқасына ала қаптай жармасып, желкесіне қарай өрмелеп бара жатты.

Нұрила Бектемірова