Жыланның түлеген терісі толғақты жеңіл ете ме?

Мен қара қазанға құрт қайнатып, нанды тезек көмген табаға жапқан ауылдың қызымын. Кішкентайдан қозы-лақ қайырып өскен біздің бойымызға әжелеріміз құлағымызға құйып отыратын ырым-тиым әбден сіңген. Бүгінгілер ескіліктің қалдығы, надандықтың нақ өзі санайтын осы ырымдардың өмірлік мәні бар екеніне талай көз жеткізгенмін.
Есімде мына бір оқиға қалып қойыпты: көрші апаның келіні айы-күні жетіп, перзентханаға кеткен. Ол жаққа жеткенде ішінің ауырғаны басылып қалады. Бір күн өтсе де сүйінші хабар келмеген соң уайымдаған көрші апа біздің үйге келді деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. «Толғағы қашып кетіпті» дегенді естіген әжем аузына құлып салып ұстайтын сандығын ашты. Ішіндегі боз матадан тігілген дорбадан әлденені алып, көрші апаға берді.
«Жыланның түлегеннен тастап кеткен терісінен азырақ алып, қайнаған суға қосып ішкізсе, толғақ жеңіл болып, тез босанады. Келініңе осы ырымды істе. Судан бір болса да ұрттасын. Жылан терісін адыраспанға қосып түтетіп, үй ішін түтіндетіп шық. Босағаға жеткенде «Оң болсын, оң болсын!» – деп айтасың. Сәтін салса, толғағы тез болып, жеңіл босанады», – деді әжем. Әлгі судан ұрттаған жеңгеміз шынында көп ұзамай аяқ-қолын бауырына алды. Босануы жеңіл болғанын қуана айтқаны есімде.
Жарыс қазан деген бар. Жүкті әйел толғатып, перзентханага кеткеннен сол үйдің адамдары қазанға ет асып, қайнатады. Сол ет пісем дегенше әйел де аман-есен босанады деген наным бар. Сосын өзімде кездескен жағдай: келінім айы-күні өтіңкіреп, әрі баланың суы егіз деп, толғатып перзентханаға кетті. Түн ішінде кеткен болатын. Таңертең хабар алайын деп барсам, қатты қиналып тұр. Қарасам құлағында алтын сырғасы бар деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Ескіден естіген бір ырым есіме түсіп: «Маған бере ғой, босанғасын қайта тағасың», – деп сырғасын шешіп алдым. Шашын да бумай, жай орамал астында ұстауын тапсырдым да, аман-есен босануын тілеп, үйге кеттім. Жете сала «жарыс қазан» қайнаттым. Көп ұзамай ұлды болды.
Айтайын дегенім, әйел адам босанатын кезде денесінде темір нәрсе тұрмау керек деген ырымды естуші едім. Олай етсе толғағы темірдей қатты болады дейтін. Босану уақытынан ұзап кеткен кездерде түйенің шудасын түтетіп, соны иіскеткенді де көріп өстік. Не құдіреті барын білмеймін, осыдан кейін жүкті әйелде жарты күнге жетпей толғақ басталады. Осындай жайлардан кейін қалайша ырым-тиымды ескіліктің қалдығы дейміз? Меніңше, оның түпкілікті астарында тұрмыста керегі мен көмегі бар жұмбақ сыр жатыр.

Рәзия ҚАРАМАНОВА.
Қызылорда облысы.
«Ауырмаңыз!» газеті.
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз!» газетінен алынды» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)