Жылқылар жаппай қырылып жатыр

Мамандар әзірше малдың қандай ауруға шалдыққанын білмей отыр, деп хабарлайды elana.kz «Патриот»-қа сілтеме жасап.

Қарағанды облысы Бұқаржырау ауданының Төрткөл ауылында жылқылар жаппай қырылып жатыр. Ал тұрғындар дабыл қағып, биліктен шұғыл шара қолдануды талап етіп отыр.

 

Олардың айтуынша, мал аяғынан басталып, бүкіл денеге таралатын іріңді жарадан ауырып өліп жатыр.

Фото: «Патриот»

Ветеринарлар жылқылардан сараптама алып, белгісіз жұқпалы дертке шалдыққанын анықтаған.

«Олар лимфангит нұсқасын жоққа шығарды. Біз бұл лимфангит деп ойлаймыз. Өйткені былтырдан бері бұл ауыр созылмалы дерт көршілес Үміткер ауылында «қыдырып» жүр. Ортақ жайылымымыз бар. Үміткерде ауру расталып, ауыл тұрғындарына өтемақы төленді. Шенеуніктер қырылған мал үшін жай ғана ақша төлегісі келмей отыр деп ойлаймыз», — дейді шаруа қожалығының жетекшісі Мәдениет Жұмаділда.

Аудандық ветеринарлық станса жағдайдан хабардар екенін айтты. Дегенмен, талдау нәтижелері лимфангит ауруын растамады. Сараптамаларды енді ғылыми-зерттеу институтының мамандары зерттейді. Шенеуніктердің айтуынша, ветеринарлар қорытындысы шыққаннан кейін ғана шара қолданылады.