Жылқыны жанына серік еткен…
Қазақ халқының ұлылығы мен даналығын бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі, оның ең бастысы ұлттық ойындары. Ата–бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп отырған. Осындай тәрбиелік маңызы зор ұлттық ойындар ішінде көкпар ер жігіттің күш-жігерін, ептілігін, төзімділігін, батылдығын дұрыс қалыптасуына жәрдемдескен. Ұлттық ойындар әлі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолдану арқылы насихатталуда. Ендеше бүгін ата-баба қанымен бойына дарыған, атбегілік өнерді жетік меңгерген, құмай тазы баптап, қазақы қаны бойында тулап тұрған Нұрабай Ерболат Дәулеталыұлы жайлы айтпақпыз.
Ол Дәулеталы мен Жұмакүлдің тұла бойы тұңғыштары. Қайрат ауылында ата-әжесінің қолында қазақы салт-сананы, әдет-ғұрыпты біліп, қазақтың мақал-мәтел, жыр дастандарын жаттап өседі. Алғаш атқа отыруды, ат құлағында еркін құлаштауды, үзеңгі байлап қамшы өруді, шешендік өнердің қыр-сырларын Мырзай атасынан үйреніп, өсе келе, жаны сүйіп жасайтын шаруасына айналды. Жылқы малына күтіммен қараудың әдіс-тәсілдерін үйренумен әуестенді.
– Әкем өкінішке қарай, арамыздан ерте кетті. Ол кісі де ат құлағында еркін ойнаған, көкпарда ешкімге дес бермеген азамат. «Жақсы әкенің даналығы балаға қырық жыл азық», – дегендей әкемнің тек жарқын, жайдарлы жүзі мәңгі жадымда сақталады. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деп текке айтпаса керек дана халқымыз. Ауыл арасында әкем жайлы үнемі жақсы сөздер есту, мені одан әрі мықты болума күш-жігер береді. Анам Жұмакүл отбасындағы ұл-қыздарын өсіріп, жеткізуде сары қымызын күбісіне піскен, саумалдың емдік қасиеті арқылы талай жанның дертіне шипа табуына себепші болған және ұлттық тағамдар жасаудың шебері, тазалыққа жаны құмар ерекше жан.
Мен үшін ер азаматтың бірінші қыры – атқа міну мәдениетін дұрыс қалыптастыру. Тарихымызға үңілер болсақ ата-бабамыз жаз-жайлау, қыс-қыстауға көшіп-қонып көшпелі өмір салтын ұстанған, көшпелілер мәдениетінде жалқының рөлі ерекше. Сол себепті қазақтар «тазы» атауының мәнісін, бабын жақсы білген. Тазы парсының «таза, алғыр, жүйрік» деген мағынадағы сөзінен шыққан. Ауылда туып-өскен әрбір жігіт атқа жақын болады. Олардың көкпардағы шабыстарына, қырағылықтарына ерекше тәнті болып қызығып өстім. Жігіт пен астындағы тұлпары бір-біріне пара-пар болуы тиіс. Аттың екпінін де дұрыс бағдарлай білу өте маңызды,- дейді біздің кейіпкеріміз.
Рухы қазақ, діні ислам деп соққан нағыз ер азамат саламатты өмір салтын берік ұстанып, ішімдіктің орнына қымыз-шұбат, ішіп, үнемі өзін бақылауда ұстауы керек. Төрт түліктің асылы – жылқы, тіршіліктің асылы – адам демекші астымдағы «Сойқан» атты тұлпарым менің сенімді серігіме айналған әрі өзара ұғынысатындаймыз. Денсаулық жағдайына байланысты бүгінде көкпар ойыншысы емес, көкпарға тойбасшылық етудемін. Тойбасшы бабадан келе жатқан өнердің бір түрі, көкпар ережесіне қанық болуы тиіс. Сол ереженің орындалуын көкпаршылардан талап етіп отырады,- дейді Ерболат Нұрабай.
Ерболат Дәулеталыұлы №2 Мыңбұлақ орта мектебін өте жақсы үлгеріммен аяқтап, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алып, Жансая есімді арумен отбасын құрып, бүгінде Назым, Айбар есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырған жас отбасы. Жұбайы №15 Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінде физика пәнінен оқушыларға ұстаздық етіп жүрсе, өзі аудандық электр желілерін тарату мекемесінде еңбек етіп келеді.
Эльмира Сүйінбаева
“Жаңа өмір”