Жылқышы қыз

Ауылдағы өмірді бүкпесіз жариялап, әлеуметтік желіде жылқышы қыз ретінде танылған Асыл Ахметова қазіргі уақытта Айыртау ауданындағы Лобаново елді мекенінде мұғалім болып еңбек етуде. Өмірге құштар бойжеткен биыл тұрмыс құрыпты. Жұбайы екеуі ауыл балаларына ұлттық ойындарды, соның ішінде садақ, жамбы атуды үйретіп жүр.

Жұртшылық кейіпкерімізді “Tik Tok” желісі арқылы жақсы та­ниды. “Үй шаруасымен айналы­сып жүрген сәттерімді видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге сала бастадым. Жазбаларымды қы­зы­ға қарайтындардың саны күн сайын арта берді. Кейін мініп жүрген жылқымды видеоға тү­сірдім. Сол бейнежазба көп адамдарға ұнады. Шөп, су та­сып жүрген бейнежазбаларым­ды да қызыға қарайтындар көп. Мен оқырмандарға шынайы ауыл өмірін көрсетуге тырыса­мын”, – дейді ол.

Асыл бес жасынан бастап атқа отырған. Жастайынан жыл­қы баққан әкесі қызының да атқа деген қызығушылығын арттыру­ға ықпал етіпті. Кейіпкеріміздің мектепте оқып жүргенде әкесі­нің орнына мал бағуға баратын кездері аз болмапты.

Жылқышы қыз қоғамдық іс-шаралардан қалыс қалмауға ты­рысады. Оны түрлі концерттер­ге, “дөңгелек үстел” отырыста­рына, форумдарға арнайы ша­қыратындар бар. Кейбір ұйым­дас­тырушылар ән айтып беруін өтінсе, енді біреулері жастарға ұлттық өнерді насихаттау бағыт­тарын түсіндіруін өтінеді екен.

“Ұлттық спорт – қазақтың брен­ді. Оны қоғамда барынша насихаттап, балалардың қызы­ғушылығын оятуымыз керек. Бұл біздің бір миссиямыз деп бі­лемін. Балалар естігеннен гөрі, көргенін тез жадында сақтай­ды”, – дейді ол.

Асыл түрлі форумдарға, рес­публикалық іс-шараларға ша­қыр­ту алған кезде негізгі жұмы­сының ақсап қалатынын жасыр­майды. Мұндай сәтте ол шәкірт­терін қосымша сабақтарға ша­қырып, күнтізбелік кестедегі та­қырыптарды үйретуге тырысып бағады. Содан болар алғыр, ынталы оқушыларының қатары көбеюде.

Жылқышы қыздың әлеу­мет­тік желідегі парақшасы отандас­тарымыздың ғана емес, шет ел­дегі оқырмандардың да қызығу­шылығын тудыруда. Асылдың бейнежазбаларын ерекше ын­тамен қарап шыққан даниялық бойжеткен жуырда Қазақстанға келу туралы ұсынысын жолдап­ты. Қазақтың ұлан-байтақ да­ласын көрген шетелдік мейман таңданысын жасырмаған көрінеді.

Асылдың дүние жүзінің наза­рын қазақ жеріне аудартқан Көш­пенділер ойынын Қазақстанда өт­кізу туралы ұсыныс айтқанын көзі қарақты жұртшылық жақсы біледі. “Осыдан екі жыл бұрын Зерендіде өткен форумда Көш­пенділер ойынын бізде өткізу ту­ралы идеяны айтқан едім, шыны керек жоғары деңгейде өт­кі­зе аламыз ба деген ой болды. 2024 жылға дейін үлгереміз бе, қай қалада өтеді деген сұрақтар да мазалады. Бұл шара өте жо­ғары деңгейде ұйымдасты­рыл­ды. Шаралардың барлығына дер­лік қатыстым деп айтуға бо­лады. Бойымды кернеген мақ­танышты сөзбен жеткізе ал­маймын”, – дейді кейіпкеріміз.

Асыл қандай істе болмасын отбасының қолдауы қажеттігін жақсы біледі. Оның жұбайы да, ата-енесі де жылқы малын жақ­сы көретін жандар. Жуырда жан жары екеуі садақ ату үйірмесін ашыпты. “Балалар бос жүрмеуі керек. Еліміздің ертеңі санала­тын өрендерде бос уақыт деген мүлдем болмаса деймін. Олар­ға жамбы атуды, аударыспақ ойынын үйретеміз. Енем кезінде қыз қуу ойындарына қатысқан. Білмегенімді үйдің үлкендері­нен сұрап отырамын”, – дейді жыл­қышы қыз.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.