Жылқы, ешкі, қой, тауық етінің адам ағзасына пайдасы
Біз өзі қыста соғымды сүйсіне жейтін халықпыз. Десек те етті біреулер қиын қорытады, кейбіреуге ет жеуге болмайтын кездер бар. Сондықтан өзім білетін мына мәліметті көпшілікпен бөліспекпін. Қазақ емшілері ұзақ уақыт асқазан дертімен сырқаттанған адамға жас малдың етін сүтке пісіріп беретін болған. Ол асқазанға күш түсірмейді, тез қорытылады, әрі қоректік заттарға өте бай болғандықтан адамға күш-қуат береді. Жасы 40-тан асқан жандар, әсіресе әйелдер мұны аптасына немесе айына бір рет жасап жесе тіпті жақсы. Себебі ол ағзаны кальциймен байытады. Қойдың еті жылу мен әл-ауқатты арттырады, денедегі желді басады. Тәбетті арттырады. Ешкінің еті оған қарағанда ауыр. Сиырдың еті майлы, желдің қызуын қайтарады. Қорытылуы қиын, қызулы келеді, ісік кезінде жақсы, асқазан, бүйректен, бел мен бастан ұстаған суықты шығарады. Жылқының еті іріңді тоқтатады. Бүйрек пен белді желден тазартады. Тауықтың еті жарақат алған кезде пайдалы. Ал балық асқазан ауруларына ем. Көзге пайдалы, ірің мен жалқыншақты тияды. Естеріңізде болсын, жануарлардың аталықтарының кеуде жағының еті, ал аналықтарының бөксе жақ еті, буаздарының бар еті ауыр болады. Малда аналықтардың, ал құстарда аталықтардың еті жеңіл. Жануарлардағы жұлын мен іш май дәмді келеді, ол ішкі ағзаны жұмсартады. Әлсіреген, шаршаған, қуаты мен қаны әлсіз қарттар мен балаларға іштерін тазартуға, желді шығаруға пайдалы. Сүр майдың да шипасы бар. Ол ақылынан адасқан, есінен айрылған, есінен танған адамдарға көмектеседі, жарақаттың жазылуына жақсы. Ал шыжғырылған май ойды өткірлейді, зейінді арттырады. Жылу мен күш-қуат береді. Өмірді ұзартады. Сүйектің майы желді қуып, адамды қуаттандырады. Іш майдың да пайдасы бар: буындардың сырқатын, күйікті жазады, құлақ, бас, жатыр сырқаттарынан арылтады. Сондықтан анда-санда аа жағдайына қарай май жеп тұрған да дұрыс. Сонда адамның ішкі қызуы артып, ағзасы тазарып, дене күші кемімей, сергек жүреді, қартайғанда да сергектігін жоғалтпайды. Сондықтан етті ас ретінде ғана емес, шипа үшін де қабылдаған жақсы. Қабыл ӘРЕКЕТОВ. Жезқазған қаласы
© Oinet.kz