Жылу беру жұмыстары жүйелі жүруде
Таразда 2023 жылдың 12 қазанынан бастап жылыту маусымы басталды. Бүгінде әлеуметтік нысандардың барлығына жылу кезең-кезеңімен берілуде.
Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелілігін тексеру мақсатында бүгін облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұрбол Қалдыбаев, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев және де өзге де жауапты тұлғалар шаһардағы бірнеше әлеуметтік нысан мен тұрғын үйге арнайы барып, құбырларды жаңарту, көпқабатты үйге жылудың келу көрсеткіштерімен танысты.
Қанатбек Қайшыбекұлы әуелі №34 және №13 балабақшаларда болып, нысанға жылу беру жұмысына қанығып, бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарау керектігін баса айтты.
Жұмыс сапары барысында жауапты тұлғаларға қажетті қатты және сұйық отын жеткізу жұмыстарын бақылауда ұстап, жылу беру маусымын сапалы ұйымдастыру жүктелді.