Жылу беру жұмысына маңыз берді
Жылыой ауданына жұмыс сапары кезінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтағы жылу маусымының барысы жайлы жиналыс өткізді. Сондай-ақ аудандағы маңызды нысандарды аралап, олардың жұмыс жағдайларымен танысты.
Өткен 2017 жылы Жылыой ауданында 7367 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Бұл кәсіпорындар жергілікті 16843 адамды жұмыспен қамтып отыр.
2017-2018 оқу жылында 1-4 сыныптарда оқитын 8735 оқушы және аз қамтылған отбасылардың 900 баласы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Аудан көлемінде ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысатын жергілікті тұрғындар саны көбейе түсуде. Қазіргі уақытта осы бағытта бір ЖШС, 240 шаруа қожалығы өз кәсіптерін «дөңгелетуде». Құлсары қаласындағы ірі сауда нүктелерінде 19 әлеуметтік маңызды азық-түліктің бағасына мониторинг үнемі жүргізіледі, сөйтіп, бағаның тұрақтандырылуы тұрақты бақылауға алынған.
Аймақ басшысы осындағы тұрғызылып жатқан «Жедел басқару орталығы» құрылысын аралап көрді. 2017 жылдың маусымында құрылысы басталған нысан 2018 жылы пайдалануға беріледі. Аталмыш «Жедел басқару орталығының» жұмысы Құлсары қаласындағы криминогендік ахуалдың жақсаруына оң ықпал етері сөзсіз.
Жылыой ауданына жұмыс сапарында өңір басшысы 2017-2018 жылғы жылыту маусымына және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселесіне қатысты жиналыс өткізіп, жылумен қамту мәселесіне үлкен маңыз берді. Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Жұмабай Қарағаев баяндама жасады.
— Облыста 396 білім беру орыны, 158 денсаулық сақтау мекемесі, 281 әлеуметтік нысан және 1064 көппәтерлі тұрғын үй, қуаты сағатына 100 Гкал 1183 жылу қазандығы, 519,7 шақырымдық жылу желісі, 3223,1 км. сумен жабдықтау желісі, 436,5 кәріз желісі толықтай жылыту маусымына дайындықтан өткізілді, — деді Ж.Қарағаев.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында бақылауды күшейту керектігін айтты:
— Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы жұмыс жүйелі және ешқандай ақаусыз болуы тиіс, — деді аймақ басшысы. — Осы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін келесі жылға дайындықты бастау керек. Жылыту маусымы талапқа сай болуы тиіс, осыны барлық жауапты адамдарға қатаң ескертемін.
Облыс әкімі сапар барысында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында жергілікті азаматтарды қабылдап, оларды толғандырған мәселелермен танысты. Жылыой ауданы әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлының жылдық есеп беру жиынына қатысты. Жұмыс сапары барысында Нұрлан Ноғаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жергілікті басшылардың өз жұмыстарына аса жоғары жауапкершілікпен қарап, әр істі сапалы, уақытында атқаруларын нықтап тапсырды.
Светлана Муньянова,
Жылыой ауданы
Атырау облысы