ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Маңғыстау облысының жылыту маусымына дайындығы пысықталды. Бүгінгі таңда өңірдегі жылу желілерінің 52 пайызы, яғни 11 шақырымға жуығы толық жөндеуден өткен. Сондай-ақ, аймақтағы қазандықтардың 294-і жаңғыртылды.

Жылыту маусымына облыстағы білім беру нысандарының 80 пайызы дайын. Яғни, 373 ғимараттың 298 әзір. Денсаулық сақтау саласы да бақылауда. 95 мекеменің 72-сі сақадай сай. Сондай-ақ, Аймақта 140 спорт және мәдениет нысаны бар.  Жылыту маусымына оның 101-і дайын.

Орталықтандырылған жылыту Ақтау және Жаңаөзен қалаларында және облыстың кейбір аудандарының тұрғын үйлерінде іске асырылады, бұл облыстың жалпы санының 58 % құрайды, халықтың қалған бөлігі жылумен жергілікті қазандықтардан қамтамасыз етілген. Облыс бойынша жылумен жабдықтау желілері 779,72 км құрайды, оның ішінен 2017 жылы 20,78 км жөндеу жоспарланды, дейді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Аманбеков.

Басқарма басшысының мәліметінше, жылыту маусымына білім және денсаулық саласындағы нысандар қыркүйек айының басына дайын болса, мәдениет және спорт мекемелері қыркүйек айының соңына әзірленеді. Бұл тым ұзақ уақыт. Осы орайда өңір әкімі барлық ғимараттың дайындығы 15 қыркүйекке дейін аяқталуы керектігін айтты.

Әлеуметтік салада 15-не дейін бітуі керек. Арғы жағында 15 қазанға дейін усақ-түйек жұмыстарын жасау керек. Сол үшін негізгі жұмыстың барлығы 15 қыркүйекке дейін бітетін болсын, деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Өңірдегі сумен жабдықтау желілері бойынша жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. 9 шақырымы жөнделген. Ал, электрмен жабдықтау желілерінің 494 шақырымы жаңғыртылды. Жиында талқыланған тағы бір өзекті мәселенің бірі —  уақытында төленбейтін коммуналдық төлемдер. Аймақта электр энергиясы, жылу мен судың өтеуін төлеуден жалтаратындар қатары азаймай отыр. Мамандардың айтуынша, бұл қысқы дайындыққа кері әсерін тигізеді.

Қарызы барлардың қатарында тұрғындардан бастап, ірі компаниялар бар.  Жалпы, электр энергиясы, жылу мен суға облыс бойынша 5 млрд 222 млн теңге қарыз бар. Ақтау қаласының тұрғындары 527 млн теңге қарыз болса, облыстың мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны 724 млн теңге қарыз. Түрлі саладағы тұтынушылардың 462 млн теңге берешегі бар, дейді «МАЭК Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бас директорының орынбасары Мереке  МҰХАНБЕТОВ.

Тұтынушылар коммуналдық төлемдерді дер кезінде төлеу керек. Әйтпесе, «Маэк-қазатомөнеркәсіп» мамандары бұл мәселеге қатысты нақты шаралар қолға алады. Сондай-ақ, отырыста Ералы Тоғжанов электр энергиясы мен жылуды 50 пайызға үнемдейтін жаңа жүйеге көшуді ұсынды. Жоба көңілге қонымды, қаражаты қалтаға тиімді, дейді әкім. Айта кетсек, тиімді бағдарлама аясында  облыста 3 балабақша жаңғыртылды. Жыл аяғына дейін тағы 3 нысан  қосылады.

 

Айман Оңғарбайқызы