Жылыжай – Сарыағаштың екінші бренді

 

Иә, шынында да жылыжай Сарыағаш ауданының екінші брендіне айналды десек те болады. Өйткені, қазір бұл ауданда жылыжайды тұрақты кәсібі еткен шаруалар көптеп саналады. Соның бірі — «Жабай ата» шаруа қожалығында жалпы 22 гектар жылыжай бар. Онда 200-ден астам адам жұмыс істейді. Өнімдер Астана, Қарағанды, Алматы және Ресей мемлекетіне жол тартады. Қожалық бұл шаруамен 2009 жылдан бері айналысып келеді екен.

— Біз негізінен қызанақ пен қияр өсірумен айналысамыз. Қызанақтың голландтық «Жалила», «Диаграмма» деген сорттарын егеміз. Оның ерекшелігі – шыдамдылығында. Бір айға дейін шыдайды. Тасымалдауға және сақтауға өте тиімді. Гектарына 100-150 тоннадан жылына екі реттен өнім алынады. Баптау бабымен болса бір гектар жылыжайдан жылына 200-300 тонна өнім алуға болады, — дейді шаруа қожалығы төрағасының орынбасары, әрі агроном Еркін Қыдырбаев.

Жылыжай өнімдерін көбейту және құнын төмендету мақсатында мемлекеттен субсидия ретінде қолдау қаржы да беріледі. Қожалық төрағасы Ергеш Төребековтың айтуынша, субсидия қыс бойы жағылатын көмірге жұмсалатын шығынның 30 пайызын жабуға жетеді екен. Әрине, бұл да болса көмек. 

Сарыағаш ауданындағы сонау бастан бөлінуден аман қалған санаулы шаруашылықтардың бірі — «Қызылжар» өндірістік кооперативі. Ыдырамаудың арқасында қазір 1350 мүшесі бар 230 отбасының 314 гектар жері тиімді пайдаланылуда. 50-ден астам адам тұрақты жалақысы бар жұмыс істесе, науқан кезінде 4-5 ай бойы 100-ден астам адам шаруаға араласады. Бұдан бөлек 2 гектарлық жылыжайда қияр мен қызанақ өсірумен бірнеше шаруа шұғылданады.

— 21 жылдан бері іргеміз сөгілген емес. Кооперативті сақтап қалудың арқасында шаруамызды дөңгелетумен келеміз. Заман талабына сай не нәрсеге қажеттілік артады, сонымен айналысуға күш саламыз. Бүгінде бидай егеміз, көшет өндіреміз, гүл егеміз, мал шаруашылығымен айналысамыз. Соңғы екі жылдан бері жылыжай шаруашылығын қолға алып, былтырдан бері жаңғақ егуді де бастадық, — дейді кооператив төрағасы Жақсылық Дүйсебаев.

Иә, еңбек — бәрін де жеңбек, ал, бірлік түбі – береке.  

Нұр МЕКЕН,

ОҚО