ЖЫЛЖАБАР: ДҮРБЕЛЕҢГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ «ҚҰШАҒЫНДАҒЫ» 2020

Бұл жылдың басты дерті – коронавирус

Жүріп өткен жолымызға бір сәт көз салып, коронавирустың әлегіне тоқталып, осы жылда атқарылған істерге өзімше баға беріп, Үкіметтің үкілеген бағдарламаларын дүйім жұрттың қалай бағалағанына да көз жүгіртіп өтпекпін.
Сонымен 2020 жыл да тарих қойнауына сүңгіп барады. Өткелі тұрған жыл елімізде ғана емес, дүниежүзінде қызу саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістерге толы болуымен есте қалғаны шындық. Біздің ел де әлемнің бір бөлшегі болғандықтан, ғаламның бір жері «сыздаса» бізге де әсер етуі заңдылық! Өйткені қазір интернет заманы. Нанотехнология дәуірі. «Айшылық алыс жерлерден, көзімізді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алып тұрған» заман. Соның да әсері болар сапырлысқан ғалам жұртына да індеттің  таралуы жылдам. Аурудың асқынуы да лезде.
Иә, 2020 жыл адамзат тарихындағы ең ауыр әрі үлкен өзгешеліктерге толы жыл болды. Себебі бүкіл әлем карантинде отырып, жұмыс орындары мен оқу орындарының басым көпшілігі онлайн режимде болуы бұрын-соңды болған емес. Індет қалай тез тарады? Оған да ат шалдыра кетейін.

 

2020 жылдың 11 қаңтарында алғашқы Ковид құрбаны  Қытайда анықталды. Коронавирус жұқтырушы 85 жастағы Ухань қаласының тұрғыны болып шықты. Алғашында дәрігерлер оған диагноз қоя алмай шулады. Кейін бәрі белгілі болды. Коронавирус. Осылайша аты жаман індет әлемге ауыз салды. Ауыз салды да, адамзатты қасапшыдай «бауыздады».
Осылайша әлемдегі пандемия Қазақстанды ғана емес, бүкіл жаһан жұртының өмірін күрт өзгертті. Өзін-өзі оқшаулау, қозғалысты шектеу cекілді ақпараттар коронавирус инфекциясы жаңадан тіркелген жағдайлар мен емі жоқ симптомдардың көбеюі туралы үрейлі жаңалықтармен қатар жүрді. Мұның бәрі адамдардың денсаулығы мен жеке гигиенасына ерекше назар аударуға, мұқият болуына ықпал етті. Бүгінде коронавирус пандемиясы біздің өмірімізді мәңгі өзгертеді деген пікірді жиі естуге болады. Шындығында, әлем жұртшылығының өмір сүру салты қазірдің өзінде өзгеріске ұшырады. Мәселен, ғаламдық деңгейдегі іс-шаралар онлайн өтіп жатыр, білім беру ұйымдары қашықтан оқытуға көшті, спорттық жиындар көрерменсіз ұйымдастырылуда, ал қызметкерлер үйлерін «кеңсеге» айналдырып үлгерді.
Әлеуметтік арақашықтықты сақтау COVID-19 вирусының таралуын алдын алу мақсатында маңызды әдістерінің біріне айналғанымен, мұндай шаралар экономикалық даму жоспарына айтарлықтай зиян келтірді. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп секторлары зардап шекті, бұл қызметкерлердің жаппай жұмыстан шығарылуына және қысқартылуына әкелді. Жабық шекара саясаты экспорт-импорт саясатына әсер етті. Сонымен бірге жағдайды қаржы мен мұнай өнімдері нарығындағы тұрақсыздық шиеленістіре түсті.
Жалпы циклды экономикалық және қаржылық дағдарыстар жағдайында халықаралық қатынастардың рөлі күшейеді, бұл қиын жағдайларда күш-жігерді үйлестіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық диалог алаңдары экономикалық дағдарысты азайту бойынша ұжымдық шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді. Алайда, пандемия кезінде елдердің бір-бірімен қарым-қатынасы тоқтады деп айтуға болады.
Осылайша 2020 жылдың көктемі мен жазына, тіпті күзіне жоспарланған көптеген ірі халықаралық және аймақтық кездесулер мен консультациялар карантин режиміне байланысты тоқтатылды немесе кейінге қалдырылды. Адамның ойлағаны емес, Алланың ойлағаны жүзеге асты ақырында.
Дәл осы сәтке дейін әлемде Covid-ке шалдыққандар 72,1 миллион адамнан асты. 1 млн 611 мың адам адам қайтыс болды. 47,1 миллион адам аурудан жазылыпты.
Елімізде наурыз айынан бері 142 325 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталған. Содан бері 2 145 адам Covid-тен қайтыс болған. 126 182 адам жазылған.
Қазақстан билігі 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандарды бөлек есептеп келеді. Содан бері 43 952 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған, 31 519-ы жазылған. 464 адам пневмонияның осы түрінен қайтыс болған.
Қазір 14 мыңға жуық адам коронавирустан, 12 мыңға жуық адам коронавирус пневмониясынан емделіп жатыр. Коронавирус жұққаны тестпен расталған науқастардың 4 139-ы стационарда емделіп жатыр. 240 адамның жағдайы ауыр, 35 адамның жағдайы өте ауыр, 40 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус статистикасына күмәнмен қарайды. Олардың пікірінше, билік науқастар санын азайтып көрсетуі мүмкін. Бұған бірдеңе деп айту қиын. Дәлелім жоқ.

 

Билік пен халық сыналған тұс осы болды

Елдің елдігін, биліктің біліктілігін көрсететін сынақ – коронавирус індеті халықтың көп нәрсеге көзін ашты. Қиналған кезде демейтін, жоқ болған кезде елейтін, ауырып қалсаң емдейтін билік деген құдіретті күштің – халық алдындағы беделі мен берері де осы кезде айқындала түсті.  «Халық пен биліктің байланысы қай деңгейде» деген сауалға да жауапты « ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен» коронавирус кезеңінен іздеген адам табады.
Пандемия кезінде әр мемлекет өз халқына әр деңгейде көмек көрсетті. «Анау мұхиттың арғы жағындағы Америка деген мемлекет әр балаға 500 доллар, әр адамға 3 мың доллар төлеп жатыр екен» деген қауесет сайын даламызды сағымдай кезді. «Еуропа жұртына төленген қаржы бізге жасалған көмектен 10 есе көп» деген алып-қашты сөздер де дүңкілдеп жетіп жатты. Тіпті қуықтай жерден қунап шығып, қазба байлығы болмаса да халқын сақтап қалу үшін еуроны аямаған елдер жайлы да аңызға бергісіз ақпараттар аз болмады.  Біріне халық сенді, бірін көзімен көрді, әйтсе де Алланың сынағына көнді. Билікке тап беріп «Сен өйт, сен бүйт» демеді. Бергенін қанағат тұтты. Сабырлығын, шүкірлігін жоғалтпады. Қазақтың қанына сіңген осы қасиетті бүгінгі билік қастерлеп жүрсе нұр үстіне нұр болар еді!

 

«Тура келген ажал алмай қоймайды» деген тәмсілге салсақ, қаншама жақсы мен жайсаң коронавирустың аранына жұтылып кетті. Арманда кеткен кей пенденің обалына дәрігерлердің салғыртығы мен дәрі-дәрмектің аздығы, қорғаныш аппараттарының жеткіліксіздігі де әсер еткен болуы әбден мүмкін. Бұл да сол кезеңдегі Үкіметтің бір кемшілігі болып жазылар тарих жылнамасына.
Тағы бір орасан соққы – орта бизнес пен шағын бизнестің шатқаяқтап қалуы. Жұмыссыздық белең алып, халықтың да біраз әуре-сарсаңға түскені, коронавирустың қаншалықты қауіпті індет екенін хабар беріп тұрғандай емес пе?
Тосыннан емес, «айқайлап» жеткен індетке Үкімет  дайын болды десек те, жұмсай келгенде бөлінген қаржы аздық етіп, амалдың жоқтығынан, тығырықтан шығу үшін Үкімет «Ұлттық қорға» қол салды. Қол салғанда мол салды. Бәрі де ел келешегі үшін, ұлттың амандығы үшін жасалған қадам еді… бірақ… «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететіні» анық байқалды.  Басқаны қойып, ұлттық қордан шыққан ақшаға көз алартқандарға не дауа! Не шара!
Ұлттық қор демекші, қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға мүлде болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Мұны елбасы бірнеше мәрте айтты да. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен індет пен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік берері қах. Біздің қауіп ашкөз шенеуніктер сол араға көз аларта ма деген қауіп қой баяғы.
Осылайша қазақ үкіметі ең қиын сәтте жұмыссыз қалған жұртты демеу үшін әр адамға төменгі күнкөріс себетіне сай 42500 теңге бөлді. Мұны азсынғандар да жетерлік. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай «әлем жаңалықтары» көз алдымызда құбылып жатты емес пе!  «Ата-бабадан қалған иен байлықты, ел иігілігіне осындай қысылтаяң заманда  жұмсауға не кедергі?» деген ашынған дауыстарды да құлағымыз шалып қалды әрегідік.
Байлық демекші, Шер-ағаның шығармаларымен сусындап өскен ұрпақ Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның арасындағы  «Елім, сен тыңда, Елбасы, саған айтамын» тақырыбында елдік мәселелерді сөз өткен мақалалар жинағын оқымауы мүмкін емес. Ойымды айшықтау үшін осы мақаладан үзінді келтіре кетпекпін.


Камалға хат

Камал дос! «Егемен Қазақстанда» жарык көрген «Қазақстан. XXI ғасыр» атты көлемді мақалаңды оқып (25-маусым, 1996 ж.), көңілім әр саққа жүгірді.
Бір себептен сүйсіндім.
Бір себептен… күмәндімін.
Сүйсінгенде, алғырлығыңа, журналистік тапқырлығына сүйсінемін. Біз болсақ, «Қазақстан ұлан-байтақ, Қазақстан бай» деген жалпы ұғыммен сөйлейміз.
Сен болсаң, сол байлықты нақты цифрлармен сөйлетесің. Цифрлар сенің құлдыраңдап жүгіріп жүрген жиендерің сияқты.
Тіпті жердің жеті қат астында жатқан байлықтын бәрін грамдап өлшеп, есепшотты сарт-сұрт еткізіп, тиынына дейін шығарып қоясың.
Сөйтесің де «Қазақстан қазба байлықтары – 10 триллион доллар!» – деп бір-ақ тоқ еткізесің. Ал енді дәл 10 триллион екеніне күмәнім бар. Бәлкім, 100 триллион шығар?..
Камал!
«Сарыарқа мен Атырау, Алтай мен Қаратау қойнаулары нағыз алтын сандық екен. Соның кілті енді еліміздің қолына еркін тиді» деп жазыпсың.
Соны енді біліп жүргендей, «екен» дегенің неткенің? Ал сол сандықтың «кілті енді еліміздің қолына еркін тиді» деп алақайлағаныңа жол болсын! Онда біз сол алтын сандықтың үстінде неге жалаңбұт отырмыз?
Ашпаймыз ба сандықты? Малмаймыз ба қолымызды алтын-күміске? Оптимист, ақкөңіл, аңқылдақсың, Камал!» дейді Шерағам.
Содан бері не өзгерді? Мұны көзі қарақты оқырман өзі сараптай жатар. Менікі көкейге келген көрікті ойды, айна-қатесіз халықтың алдына жайып тастау ғана…
Өкінішке қарай пандемия кезінде  дәрінің болмауы, ауруханада төсек-орын мен медқызметкердің жетпеуі, тыныс алу аппаратының тапшылығы мен дәрігерлік көмектің кеш берілуі айқындалды. Денсаулық сақтау министрлігінің пандемия кезінде және оған дейін жіберген «жүйелі» қателіктерін Ақорда да мойындап отыр.
Халықты қорғауға арналған дәрі-дәрмектің жемқорлықтың жемсауына тоғытылып кеткеніне не деуге болады, ағайын? Бәзбір елдер «Халқымыз болмаса біз кімге керекпіз» деп жанұшырып жатқанда, біздегі жемқорлар үкіметтің беделіне нұқсан келтіріп, халықтың ашуын туғызатын іс-әрекеттерге барып сыбайлас жемқорлықтың шоғын үрлегені масқара әрекет. Қазақ мұндайда «Мал құлағы саңырау» дейді. Басқа не десін?
Халық коронавирусқа шалдығып, бірі ет жақынынан, бірі әке-шешесінен, енді бірі бала-шағасынан, туыс-туғанынан айырылып, қайғы жеп жатқанда, пандемияға деп бөлінген қаржының ту- талақайға түсуі – елдігімізге сын! Тап осындай қысылтаяң уақытта халықтың қаржысын жымқырғандардан келешекте не үміт, не қайыр!
Жә, делік. Енді өткеннен сабақ алсақ игі!
Қазақ атамыз «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп бекер айтпаса керек. Оған да куә болдық. Елбасы бастамасымен «Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында мұқтаж жандарға, тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне әлеуметтік көмектер көрсетілді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды» деді. Сөзінде тұрды. Арнайы қор құрылды. Бай-бағыландар елбасының бастамасын қолдап, ақшаларын молынан салды. Соның арқасында материалдық көмекке Birgemiz қорынан 7,6 млрд теңге қарастырылды. Бұл қаржы 152 мың мұқтаж азаматқа берілгенін айта кетуіміз керек.
Ердің ерлігі, жомарттың кеңдігі – ел басына күн туғанда көрінетіні рас екен. Ел арасынан шыққан талай атымтай – жомарт азаматтар, ауыл-үйдің қамын жеп, тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық қолын созды. Мұны да ұмытуға еш болмас. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демей ме дана бабаларымыз.
Осындай сын сағатта адам кінәмшіл келеді екен. Бір заманда арып-ашқан арғы тектерінің аш өзегін талдырмаған аталардың бүгінгі ұрпағы қиналғанда, қазаққа қорған болуға жарамаған өзге ұлт өкілдерінің іс-әрекеттері де көңілге кірбің түсірді. Атылып шығып, атой салған біреуін көрмей пұшайман болғаным-ай…

 

(Шерхан Мұртаза, Қазақстанның халық жазушысы)

 

Быжынаған басшы мен құжынаған шенеуніктен халыққа не пайда?

2020 жылдың есте қалар бір оқиғасы  20 сәуірде бір барель мұнай құны 17.63 долларды құрағаны. Бұл тарихта болмаған мұнайдың арзандау кезеңі еді. Мұны мұнай сатушы, мұнай сатып алушыға ақша төлеген кезең деп суреттесек жарасар. Бұл мұнайға иек артқан ел бюджетіне әжептәуір соққы болды.   Бір жағынан коронавирус, бір бүйірден мұнай проблемасы қос бүйірден қысқанда үкіметтің «шықпа жаным, шықпа» деп қос тізесі дірілдеген шағы болды.

 

Осы кезде билікті сынауға тым құмар саясаткерлер ұлардай шулап: «Әлі күнге бір түйме шығармаймыз, зауыт-фабрика дегендер президент лентасын қиып кеткен күннің ертесіне шоңқайып қалады. Мұнай мен газға қараған күн қараң.  Қайда барамыз? Болашақта жағдайымыз қалай болады?» деп Асан қайғының кебіне түсті.
Осындай алакөбең уақытта, ел абыр-сабыр күйге енген заматта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы жарық көрді. Онда елбасы: «Біздің Отанымыз Қазақстан – қазба байлықтарға, оның ішінде мұнайға бай ел. Мен «Бізде мұнай мен газ бар екен деп, үнемі соған тәуелді болған дұрыс емес» деп талай мәрте айтқанмын. Сондықтан егемендік жылдары біз ел экономикасын әртараптандырумен болдық. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Қазақстан – 2050» стратегиясын жасап, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорын аштық. Соның арқасында әлемдік бәсекеге қабілетті өнімдер шығарылып, елімізге жаңа технологиялар келді. Бұл еліміздің үшінші технологиялық жаңғыруына жол ашты.
Ел аумағында бұрын-соңды болмаған теміржол, автокөлік жолдары салынды.
Жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығы да айтарлықтай дамып, Қазақстан өзін ет, сүт және тағы басқа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды.
Болашақ үшін, алда күтіп тұрған осындай алмағайып замандар сынағын еркін еңсеру үшін көп қаржы-қаражат салып, зор жауапкершілікпен атқарылған бұл реформалардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді» деді. Мұның өзі дәтке қуат әрине.
Егер шынымен жердің асты мен үстінің байлығына ғана иек артып отырсақ, жаңа техологияларға жатырқай қарасақ, жағдайымыздың бұдан да қиындай түсері даусыз. Өйткені біздегі жемқорлық – қатаң қадағалап отырғанның өзінде, жымын білдірмейтін жымысқы кейпінен танбай тұр. Бұл – бар саланың алдын орап, күндіз – түні борап тұрған боран секілді бейнелеп айтсақ. Бұдан құтылмай, ердің еңбегінен, жердің кеңдігінен халық пайда көрмек емес.
2020 жылдың 19 тамызы күні Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі. Бұл – менің берік ұстанымым және сайлауалды бағдарламада халыққа берген уәдем. Осы жұмыста ешқандай көзбояушылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеуге тиіс. Талап қатаң болады. Былтырғы жиында біз нақты іс-қимыл жоспарын айқындадық. Бүгінде бірқатар мақсатты жүзеге асырдық. Қазақстан беделді халықаралық ГРЕКО ұйымына, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болды. Нормативтік актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізу институтының жұмысы жаңғырды. Қол астындағылардың жемқорлық әрекеттері үшін басшыларын қызметінен босату қағидаты енгізілді. Мемлекетіміздің осы бағытта қолға алған шараларын белгілі халықаралық агенттіктер атап өтуде. Дегенмен, біз бұған тоқмейілсіп отыра бермеуіміз керек. Сыбайлас жемқорлық жағдайларының саны әлі де азаймай тұр. Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан. Ашығын айтқанда, қазір күнделікті жаңалықтардан түрлі деңгейдегі шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтары үшін ұсталып жатқаны туралы оқитын болдық» деп ашына айтты. Осыдан-ақ ел Президентіне сыбайлас-жемқорлық туралы әңгіме таңсық  емесін ұға бер. Демек, жемқорлықтың да «атақ-абыройы»  жоғарылап кеткендей ме қалай!
Бізді ғана емес жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия  бүкіл әлемде экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тиылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр.
Ауызды қу шөппен сүртпейік, 2020 жылдың еншісіне жазылар әлемді тітіреткен коронавирус салдарынан құлдыраған экономиканы көтеру үшін, халықтың әл-ауқатын тіктеу үшін Ел Президенті зейнетақы мен жәрдемақыларды 10 пайызға индексациялағанын естен шығармайық. Бұл да болса жабыққан халыққа демеу, тарыққан халыққа көмек! Осы мақсатта  Президенттің дағдарысқа қарсы 8 тапсырмасы іске асты. 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  халыққа жолдауында бірқатар мәселе көтеріп, үкіметке түрлі тапсырмалар берді. Соның ішіндегі ең өзектілерінің бірі мынау. «Мемлекеттік қызметтің жүйесін қайта қарау керек. Пандемия мен мемлекеттік органдағы көптеген қызметкерді қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыру мемаппаратты қысқарту керек екенін көрсетті. Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторын қысқарту мерзімін жылдамдатуды тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға қысқарту қажет. Келесі жылы тағы 15 пайызға қысқарту керек. Осылайша, шенеуніктерді 25 пайызға қысқарту тапсырмасын 2021 жылы шешіп боламыз. Нәтиже мен цифрландыруға байланысты тағы да қысқарту мәселесін қараймыз», – деді ол. Бұл көптің көкейінде жүрген ойдың бірі еді. Быжынаған шенеунік пен құжынаған басшыдан онсыз да халық әбден діңкелеп жүрген-тін. Президенттің бұл бастамасы діттеген жерге дөп тиді дегенмен. Бұдан бөлек «Тұрғындарға зейнетақысының бір бөлігін алуға рұқсат ету», «Жауапсыз несие беруді заң жүзінде тоқтату», «Мұғалімдердің жалақысын көбейту», «Дәрігерлерге төлемақы ретінде тағы 150 миллиард теңге бөлу», «2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастау», «Жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілін енгізу» т.б халық қолайына жағатын бағдарламалар бар. Бұл бағдарламалардың жүзеге асуына ынтық ел бар.
Тәуелсіздіктің 30 жылында талай бағдарламалардың жарқ етіп елең еткізіп, құйрық жұлдыздай ағып түскені қаншама. Тек солардың кебін кимей, халыққа шолпан жұлдызындай жарқырап тұрғанын көруді жазсын дегім келеді.

 

2020 жыл жаңашылдығымен есте қалмақ

ТҮЙІН: 2020 жылды тарих кенішіне қалдырып, жаңа 2021 жылға қадам басуға да санаулы күндер  қалды. Биыл 2020 жыл баршаға мәлім болғандай елімізде бірнеше маңызды оқиғалар орын алып, бірқатар саяси шешімдер қабылданды. Әлемді жайлаған пандемияға қарамастан елдің экономикалық даму қарқыны аса қатты бәсеңдей қойған жоқ. Сонымен жыл басынан бері қандай саяси шешімдер шықты?  Қандай жаңа заңдар күшіне енді? Елдің сыртқы саясаттағы көрінісі қандай болды? Осы жөнінде аз-кем әңгіме айта кетейін.
Қазақстан тарихында алғаш рет праймериз өтті 2020-да. Аты беймәлім демесеңіз, заты қазақ билерінің дала заңына дөп келіп тұр. Ел арасында жағымсыз ісімен, жемқорлыққа жақын мүшелерінің әрекетімен беделіне әжептәуір нұқсан келген «Nur Otan» партиясы праймериз өткізу арқылы партия жұмыстарын қайта жандандыруға күш салды. Ол әрине нәтижесін берері анық. Праймериз – партияішілік таңдау. Әлемнің жетекші елдерінде бұл тәжірибе қолданысқа енген. Атап айтсақ, праймериз өткізу тәжірибесі Еуропа, Азия мен Латын Америка елдерінде бар. Партия ішіндегі сайлау бәсекелестікті арттырып, жаңашыл азаматтардың іріктелуіне жағдай туғызады. Бұл ең алдымен партияның алыс аймақтардағы, өңірлердегі мүшелеріне мүмкіндік береді. Праймериз елдің дамуына мүдделі, жігерлі, патриот азаматтар үшін жаңа «әлеуметтік лифт».
«Nur Otan» партиясы праймериз тәсіліне алғаш рет жүгініп отыр. Бұл өз кезегінде жетекші партияның саяси белсенділігін арттырып, қоғам талаптарына сай өзгеріп, нақты реформалар жасауға сеп болмақ.
Жаңа әдіс қоғамды демократияландыру жолындағы маңызды қадам боларына сенім мол. Праймериздің арқасында елдің саяси аренасында жаңа формация пайда болуы тиіс деп ойлаймын. Бұл бастама өзге партияларға да жұғысты болғай! Әсіресе шынайы оппозицияға таптырмас мүмкіндік туып тұр.
2020 жыл Тәуелсіз Қазақстан тарихында «Еріктілер жылы» болып  ерекше жылнамамен тіркелері сөзсіз. Президент Тоқаев аталған жарлыққа 2019 жылы 27 тамызда ресми қол қойған болатын.
Президент 2020 жылды «еріктілер жылы» ретінде бекерден-бекер жариялап отырған жоқ. Жалпы ерікті болу еркіккеннің ісі емес және еріктілер еріккендер емес. Бұл сөзді біз ойдан шығарған жоқпыз. Мемлекет басшысының өзі осындай ой айтқан болатын.
Еріктілер жылы не үшін жарияланды? Ерікті деген кім? Мүмкін қазақ қоғамы үшін волонтер немесе еріктілер деген атау тосын естілуі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде еркіті жұмыс істеу, өзгеге көмектесу қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан, қанына сіңген жақсы қасиеттерінің бірі. Қазақ қашанда жетімін жылатпаған, ағайыны бір жұмыс бастаса жұмыла көмектескен халық. Демек, қазақ халқы үшін «еріктілер жылы» ешқандай да бөтен ұғым емес. Бұл әлі де жалғасын таба берер деген ойдамын.
2020 жыл ұлы тұлғаларды ұлықтаумен, қасиетті жерлерді құрметтеумен де есте қалары анық. Бұл ел руханиятының көкжиегін көтерген, ұлттық болмысты асқақтатқан шараларымен құнды дүние. Мысалы ұлы Абайдың 175 жылдығы, әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойлары тойланды. Пандемия жағдайында онлайн жиындар өткізілді. Жастар санасына бабалар рухының дәні себілді. Тек сол дәннің көгеріп-көктеп, ұлттық рухтың оянуына септігі тисе бір ғанибет болар еді-ау.
Нақты саяси шешімдерге тоқталсам, ата заңымызға да бірнеше өзгертулер енгізілгенін айту парыз. Бұл да 2020 жылдың еншісіндегі жаңалық. Мысалы демократияның алғышарты  бейбіт шеруге шығуға рұқсат берілді. Сондай-ақ саяси партиялар туралы заңда партияларды құрудың құқықтық негiздерiн, олардың құқықтары мен мiндеттерiн, қызметiнiң кепiлдiктерiн белгiледі. Тарихта 2020 жыл президент Тоқаев заманындағы «жылымық» жыл болып аталып жатса таң қалуға болмас.
Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болатыны аз айтылған жоқ. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу үшін, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажеттігі алға шықты.
Осы мақсат негізінде елге белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл кеңес ротациялық тәртіппен жұмыс істеп тұр. Демократияның бір қыры болып сипатталғанымен, халықтың атынан сөз сөйлеуге мүмкіндік алғанымен, әлі де болса биліктің ығына жығылу үрдісі байқалып қалады. Әйтседе сол кеңестен ақырған арыстанның үніндей айбарлы дауыстардың әрегідік  естіліп қалатыны жақсылық нышаны білгенге…
Президент Тоқаев алғашқы жолдауында-ақ «біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет.  Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады. Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деген болатын. Одан бері де бір жарым жылдан аса уақыт өтті. Президент ізгі мақсатына жету жолында шың басына өрмелеп келе жатқандай әсерге бөлейді. Ол – демократия шыңы!  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев – берген уәдесінде тұра алса алдағы Парламент пен Мәслихат сайлауы үлкен сын болмақ. Сенім мен үміттің де байрағы сол күні желбірейді. Тек әділдік  салтанат құрса ғана.
Коронавирус індеті 2020 жылды  өз шеңгеліне іліктірсе де, ел экономикасын толыққанды тұзақтай алмады. Тек шикізаттың аздығынан, экпорттың кемдігінен, импорттың молдығынан  тауар бағалары күн сайын емес, сағат сайын қазақ ертегілеріндегі батырлардай өсіп барады. Мұны енді тізгіндеу «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкіметтің» ғана қолынан келеді..
Ел қиналғанда ел қамын жеген азаматтар көптеп шығып бір қуантты. «Елде болса ерінге тиер» деген осы дедім.  «Жоқтан бар жақсы»  деген тәмсілдің шынайылығына да осы жолы тамсанып қайран қалдым. Ата-бабадан қалған иен байлықтың, сайын даланың  асты мен үстіндегі мол қазынаның «Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетпей, қазақтың игілігіне жұмсалғанын көру еді бір арманым еді. Шүкір, оған да қол жете бастады. Алайда әлі де болса ашықтық жетіспейді біздің қоғамда! Әлі де болса бүркемелеу басым секілді көріне береді маған. Ел тізгінін ұстаған азаматтар осы жағына бекем болса деймін. Ашық-шашық жатқан дүниеге сұғанақ қолдар сұғына берсе, биліктен бедел, халықтан иелік кетері анық. Ел қазынасының әр тиыны – тұрақтылық кепілі екені естен бір сәт те шықпаса дегім келеді.
Коронавирус – жалпы ғаламға келген індет. Ол ешкімді бөліп жармайды. Кім аңғал, кім дайындықсыз, кімде жауапкершлік жоқ соны алып ұрады. Алланың өзі де «Сақтансаң ғана сақтаймын» деген. Осыны естен шығармайықшы, ағайын! Екінші толқынның да айбыны күшті деседі болжағыштар. Оған да елдігімізді көрсетсек, дін аман өтерімізге сенім мол.
2020 жыл қазақ үшін қайырлы жыл болды. Себебі: сынаққа сынбаған қазақты көрдім, ауруға мойымаған қазақты көрдім, елім деп еңіреген қазақты көрдім, жерім деп тебіренген қазақты көрдім. Кедейлікке жеңілмеген қазақты көрдім, 16 желтоқсанда тәуелсіздігім деп еңіреген қазақты көрдім. 2020-ны осы мақаламен түйіндедім.
2021-ден де күтеріміз де көп, үмітіміз де зор. Тек бір Аллам қолдап, келер жылы аман-есен болып, тыныштық салтанат құрғай. Абыройымыз асқақтап, берекеміз тасысын! Әумин!

Сәуле Мешітбайқызы,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері