Жылжымалы дәріханалар: Қарағанды облысының шалғай жерлерінде дәрілік көмек қолжетімді бола түсті
Мобильді дәріханалар Қарағанды облысының барлық шалғай ауылдарына қатынайды. Бұл шалғайдағы тұрғындарды оңтайлы бағамен дәрі-дәрмектермен тез қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік жоба туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев айтып берді.
– Алғашқы жылжымалы дәріханаларды біз 2020 жылы ең шалғай аудандар – Ұлытау және Ақтоғай аудандарына сатып алдық. Мысалы, Ақтоғай ауданында бірде-бір жеке дәріхана болмаған, сондықтан тұрғындар үшін бұл мәселе өзекті еді. Жылжымалы дәріханалар өздерін ақтады. Қазір олармен облыстың барлық аудандары қамтамасыз етілген. Жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылды, – деп түсіндірді ведомство басшысы. – Бүгін барлық тоғыз жылжымалы кешен ауыл тұрғындары үшін қызмет көрсетуде. Олар дәрі-дәрмек қорын толықтыру үшін аудандардан облыс орталығына келді.
Гамаль Тоқсамбаевтың айтуынша, мобильдік дәріханалардың ассортименті үлкен – 2,5 мың атауға дейін. Дәрі-дәрмектер көтерме саудагерлерден сатып алынады, бөлшек сауда үшін үстеме баға небәрі 5% құрайды.
Жылжымалы дәріханалардың шығу кестесі Денсаулық сақтау басқармасының Instagram парақшасында орналастырылған @zdravkrg
Жомарт Шаймұрат