Жыр емес, жарнама оқып өскендерде баяғы бауырмалдық болмайды енді…

Күләш Ахметова 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстанда дүниеге келген. Жамбыл облысының Талас 6_Куляш_Ахметоваауданындағы Үшарал орта мектебін бітірген. 1961 жылы Жамбыл медициналық училищені, 1973 жылы ҚазМҰУ-ді тамамдаған. Үшарал медпунктінде меңгеруші, Талас аудандық «Ленин жолы», 1973-1977 жылдары республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1977-1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінде редактор қызметтерін атқарған.
«Сен менің бақытымсың» атты кітабы үшін ақын Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты болды. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.  Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

        

Өлеңдері орыс, украин және түркі халықтарының тілдеріне аударылған, мектеп оқулықтарына енген. Тәуелсіздіктің он жылдығына, Астананың он жылдығына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасының Бас жүлдегері. Бірнеше медальдармен марапатталған.

Азан

Шам қаласы. Ояндым таң алдында.
Таң алдында бөленді санам нұрға.
Ғарыш жақтан ғажап саз құйылып тұр!
Құдірет бары білінді маған мұнда.
Таң шапағын көруден артық бар ма?
Періштелер ұша ма қалқып таңда?
Алагеуім кез еді , елең-алаң,
Өн бойымды ұлы әуен балқытқанда.
Дұға деуге болады, тілек деуге.
Нұрлы рухқа толғандай жүрек, кеуде.
Ұлы әуез бе,
Әуеден жіберілген
Жан әлемін адамның реттеуге.
Қайдамын мен?
Қай мезгіл?
Нешік халім?
Жүргем жоқ па жұмақтың кешіп бағын.

Жат өлкеде жалма-жан есіме алдым
Мейманхана жанында мешіт барын.
Сыры – терең. Сырты –саз. Сұсы – мықты,
Құдіретін құранның ішім ұқты.
Мешіттерге кірмеген мен жазғанға
Бола кетті мезетте түсінікті,
Таң намазы уағы-ау. Бұл әлі азан.
Қасиетті ай еді рамазан.
Құдай деген жердегі пенделерге
Құран жолы  – ғұмырлық ғұлама заң.
Сүрелері аяттың жан баурады.
Рухымда, тәнімде таң лаулады.
Шам қаласы шам жаққан жүрегімде
Аллаға деген сенім мәңгі орнады!
Лә-иллаһа-ил-Аллаһ!

         Шілтер

Сен кеткен соң басталғанды басқаша ән,
Жүгіреді жылдар шашып шаңға шаң.
Жырларымды көп адамдар тыңдаған,
Ана, сен ғой естімедің ешқашан.
Сен тоқыған шілтер мынау тозбаған,
Ал мен болсам, тозбайтұғын сөз бағам.
Here адамды сақтау қиын зат құрлы?! —
Дейді менің бота көңлім боздаған.
Ой тоқып ем, шілтер емес, шықты өлең,
Тоқи берем, ұқпасам да түк те мен.
Уақыттан сызат түскен сандықта
Шілтер жатыр соңғы гүлі бітпеген.
Шашыраған сәулесі бар жұлдыздың,
Шашыратқы гүлдері бар қырғыздың.
Ескі торға жиі-жиі қараймын,
Ең ақырғы құрметіміз бұл біздің.
Шілтер жатыр. Ал тоқыған жан ғайып,
Тағдыр  –  қатал, адамдарда бар ма айып?
Саусағыңның ізі қалған ескі тор
Сағыныштан кеткен сынды сарғайып.
Мазалайды кірпігіме шық келіп,
Жан інімнен жарымаған сүт те еміп
Қысылғандай ыңғайсыздау қалыпта
Шілтер жатыр бір уыс боп бүктеліп.
Шілтеріңмен көз жасымды сүртермін,
Сүрткен сайын жанарымды бүркер мұң.
Ол үшін сен қанша көркем гүл тердің!..
Өкінішті! Апа, сенің ғұмырың
Ғұмырына жетпегені шілтердің!
…Шілтер жайлы мұңды өлеңді созбай тым,
Бітірейін. Ойды ой ғой қозғайтын.
Өмір шығар  –   өзі кетіп адамның,
Бір ескерткіш қалдыруы тозбайтын.

Жазылған жырлар

Жазылған жырлар! Жанымның құйттай құстары,
Жайлап жүрсіңдер тірліктің қайсы тұстарын?
Сендерді көріп сүйсініп жүр ме достарым,
Таңырқап жүр ме, табалап жүр ме дұшпаным?
Ұшырып ем ғой, шартараптарға барсын деп,
Сендерден біреу керегін тауып алсын деп.
Ғимараттардың басына емес, өмірге
Ғашық жандардың кеуделеріне ұя салсын деп.
Құйттай құстарым, жаныммен жіпсіз жалғасқан,
Сау жүрсіңдер ме ақ қанаттарың талмастан?
Қалған жоқсыңдар ма қалтарыстарда елеусіз
Ғажап саздарды тыңдаған кезде таңғы аспан?
Қона алдыңдар ма махаббатардың бағына,
Төге алдыңдар ма сағыныш толы лағыл ән?
Жанымның даусы сендерге еді аманат,
Жеткізе алмасаңдар не қылам?
Соны ойлап жиі қамығам.
Құйттай құстарым! Көмейлеріңде жыр-ән бар,
Жолдарың ауыр, арымай, талмай шыдаңдар.
Құйттай құстарым, құласаңдар да, өтінем,
Адамдардың тек жүрегіне жетіп құлаңдар!
Өмір – тағдыр, не деген тартыс еді!
Көндіреді заңы мен салты сені.
Қызық күндер орнына қиындық кеп,
Қызыл гүлдер орнына қар түседі.
Балалық шақ дегенің ертегі екен,
Ендігісін қалайша көркем етем?
Жақындарым айтпаған сөздерді айтып,
Өзімді-өзім анам боп еркелетем.
Бәрін Тәңір бере ме сұрағанға,
Арман болмай тұра ма бұл адамда?
Өзіме-өзім қиналсам қайрат беріп,
Өзімді-өзім жұбаттым жылағанда.
Артық емес мен үшін алтын ардан,
Өмір  –  қымбат, шықпайсың бар құмардан.
Бақытым жоқ менің де басқалардан
Тартып алған немесе артық алған.
Өзіме -өзім сүйенем, о, расында,
Өзіме-өзім жол салдым борасында.
Өзіме-өзім жете алмай отырамын
ЬІдыстар мен дыбыстар арасында.

 Ақын әйел

Басқа әйелде басқа арман, басқа мұрсат,
Отырады асықпай әңгіме айтып.
Ал мен үшін әрбір күн  –  қас-қағым сәт,
Еркіндікке енбеймін енді қайтып.
Бар бейнеті ақынның жүр ме етеліп,
Гүлдей нәзік көңіліңді кім ескерген.
Бір жеңіліс, бір жеңіс, бір қателік…
Қажыдым бұл қарусыз күрестерден.
Күтусіздеу сәбилер, гүлдерім де,
Әйел үшін ақындық –  ерек сынақ.
Өз ісімді үлгермей жүргенімде,
Хат жазады көбісі көмек сұрап.
Көп күрсініп отырам не түндерде,
Қуаныштың алыстап әні керім.
Ойға оралып жалғыздар, жетімдер де,
Тынышымды алады бәрі менің!
Қабағымды қандай күш ашар мына,
Жақсы кештің көрген жоқ шәрбаты ұнап.
Жүргендеймін әйелдің басы орнына
Кішірейген жер шарын орнатып ап.
Тәтті ұйқыға жібермей дауылдай түн,
Өлең іздеп отырам бұрышта ана.
Әлемдегі өмірмен ауырмайтын
Жандар ұйықтап жатыр-ау тыныш қана.
Қайда жастық – қызығы мол шақтарым,
Көкжиегім барады көлемденіп.
Төгілді де бадана моншақтарым,
Әлдиледі қайтадан өлең келіп.
Қасиеті өнердің жебесін де,
Еркіндіктен не пайда мен аңсаған?
Қалдырарсың атымды ел есінде,
Рақмет сол үшін, өлең, саған
Өлең дәні
Хал қалай, ақын қауым?
Бірде араз, бірде балдай тату қауым?
Қыл көпір үстінде де қиянатты
Қиындау болатұғын мақұлдауың.
Шығармай келгенде де үнін шындық,
Шындықдеп шырылдаумен ғұмыр сүрдік.
Теңізден бетер шулап тебіренерсің,
Халқыңның сезінгенде мұңын сұмдық.
Жетер ме азаткер сөз босқа айтылмай,
Жел болып біреу ертең жасқайтындай.
Ұлтыңақызғыш құстай болғаныңмен,
Жұртына жұртың ертең тастайтындай.
Ақтангер алқыды-ау деп аттандар кім
Именбей игілікке батқандар кім?
Бар ма екен суреткерлер арасында
Тау жақта сарай салып жатқандардың?
Бір базар басымызға орнай келді,
Берерсің басқа өнерге зор бәйгеңді.
Жыр емес, жарнама оқып өскендерде
Баяғы бауырмалдық болмайды енді.
Көргенді ел ұстамайды көгенде әнін.
Кімге сын еленбесе ерен дарын?
Ешкімге міндет қылмай, сонда да біз
Себерміз кең далаға өлең дәнін!

         Өлең

Несіне осы өлеңді жазамын мен,
Тарттым қой жетерліктей азабын мен.
Білмеймін қалай еріп кеткенімді
Муза кеп сыбырласа ғажап үнмен.
Ынтық боп нем бар еді осы өлеңге,
Қалмайды дегбір өлең десе, менде.
Қалайша күймей қалғам,
Жап-жалаңаш
Қолыммен қызыл шоғын көсегенде?
Кім мені жадылады, дуалады,
Қолым да, жүрегім де сұранады.
Неліктен жаным содан жұбанады?
Сол ғана шаң-тозаңды жуа алады.
Жәй сөздер… Кенет өлең құралады…
Менің өлең
өмірім –
Менің үлкен сыбағам –
ұлы майдан, ұлы алаң.
Бар әйелдің жеңісімен қуанып,
бар әйелдің көз жасымен жылағам.
Менің өлең
өмірім –
Менің үлкен сыбағам.
Өкінемін мынаған:
Түнде оянып, ой жібіне сөз маржан
тізген кезде көмек берді кім оған?..
Менің өлең өмірім –
Менің мәңгі үлесім.
Біресе мұң,
біресе үн…
Қуанышым, махаббатым, қызығым,
қылдай үміт, қымбат тілім, күресім.
Кенен жасы – Тәңірден сұрағаным,
Тыңдау сөйтіп
бұлбұл мен бұлақ әнін.
Мейлі, тіпті, болмасын ұнағаным,
Ештеңе етпес сүрініп, құлағаным.
Елім, далам, балам мен өлең болса,
Қалғанының табармын бір амалын.
Қайырлы өмір Тәңірден тілегенім,
Иманды істен іздермін жүрек емін.
Сабыр күтіп,
дақпыртқа бой алдырмай,
Өмір сүру–  арманым, міне, менің.
Көркем ғұмыр – көргенім– жақсылық боп,
Биіктесе, біртіндеп жыр-еменім,
Сен риза боларсың, білем, елім!
Түзу тірлік Тәңірден тілегенім.

  Сөнбейтін жанартаулар

Жеңістер мен жеңілістен тұратын
Тірлік  –күрес. Жеткізе ме мұратың.
Сол тірлікте керек екен бір адам
Жүрегіңді жақынырақ ұғатын.

Кездеріңде құлдыраған, құлаған,
Кездеріңде қиянаттан жылаған,
Жұрт аяйды,
Бірақ сенің жаныңда
Қалмайды ешкім: қалатыны бір адам.

Сол адамның жақын болар аты тым,
Бөліседі ол жақсылығын, уақытын.
Сол адаммен жеңілірек жүгің де,
Сол адамға байланысты бақытың.

Болсын сенде дос ондаған, жүз мейлі,
Болсын бәрі мейірімді, ізгі ойлы.
Бір-ақ адам сеніменен бақытты
Бір-ақ адам сені ойлайды, іздейді.

Сені ешқашан шығармас ой санадан,
Қасіреттен, қайғы, мұңнан, наладан,
Жауыздықтан, жамандықтан, жаладан
Құтқармайды одан басқа жан адам.

Түсінбеске түсіңді де жорытпа,
Жүрсеңдағы жолүстінде, жорықта,
Сені жақсы көретұғын жан барда
Басқаларға басыңды име, қорықпа!

Тастамайды ол төпесе де ақпан қар,
Сол адаммен арайлырақ ақ таңдар.
Сондай адал жар кездессін сендерге,
Сондай жарды аялаңдар, сақтаңдар.

            ***************

Досым! 
Сен сезінесің бе?! 
Мұңайған кезім есімде: 
Көңіл гүлін сарғайтып күз дегенің, 
Әрі аударып қуаныш бізден өңін, 
Жалғыздықтан жүрегім сыздағанда 
Жұбаныш қып 
Өзіңді іздеп едім. 

Ал кейін: ұғынасың ба?! 
Шаттықтың шұғыласында 
Қуанғаннан төгіліп ізгі өлеңім, 
Жүгіргенім есімде түзде менің. 
Жүрегімнің шаттығын бөлісуге 
Алдыменен өзіңді іздеп едім. 

Сен енді айта аласың ба?! 
Тірліктің тайталасында: 
Жабырқасам, жанымнан от берем,-деп, 
Аяр болсаң, алдымен жек көрем,-деп, 
Әділеттің жолында арпалыссаң 
Жай-күйіңді басымнан өткерем,-деп?! 

Арсыз болсаң, елге де жоқ керегің. 
Ез ұл болсаң, алдымен жек көремін. 
Адал болсаң, өмірдің өткел, өрін, 
Өлім тұрсын, 
Өзіңмен өткеремін. 

Қара бастың қамын жеу –
Ұят та, айып. 
Бақыт деген- 
Баянсыз тұрақ, қайық. 
Қыл көпірлі қиянат теңізіне 
Бірімізді-біріміз 
Құлатпайық! 

Жеңіл болсын наз, өкпең қауырсыннан, 
Қол ұстасып өтейік ауыр сыннан. 
Білемісің, жан досым, 
Сан жерлерде 
Жалғыздықтан менің де сағым сынған. 

Адамдай боп бейне бір жаны ашыған, 
Күдік шашып аңдыған қарасынан, 
Қызғанышты құрта алмай санасынан 
Жүрген жанды анты ұрсын адалдықтың. 
Келісейік, 
Кел досым, дәл осыған.

        

         **********************

Жетпейтіндей бір нәрсе көркем ойға,
Ақындардың теңеуі келте, майда.
Беатриче бар, бірақ оның сұлу
образын жасайтын Данте қайда?

Арулар бар, аз емес күшті ұлдар да,
Көзден ұшқан бағынған ұшқындарға.
Сұлу әйел сүрінген тасты сүйіп
Өлмес өлең туғызған Пушкин бар ма?

Орын берді ойынан Жахан оған
Адам бар ма есімін атамаған.
Балқадиша кеткенде өлең жазған
Бар ма бүгін баяғы Ақан ағам?!

Сол жігіттер жоқ бүгін сүйе алатын,
Сүйгені үшін өмірін қия алатын.
Қорланамын көргенде кей жігіттің
Қорландарға жасаған қиянатын!

*************************

Сіз осы шыныменен білмейсіз бе,
Кезігіп қала берем бірдей сізге?
Сіз жүретін жерлерде, әлде мені,
Адасып, не ерігіп жүр дейсіз бе?

Қағылуы махаббат қанатының,
Жаныңызға жабырқап баратыным.
Байқалмай ма сізге осы,
Қып-қызыл боп, қипақтап қалатыным.

Сізді ойламай көзімді әлі ілдіріп
Көргенім жоқ, керек пе жалындыру?
Өртенемін жаныма жалын кіріп,
Әдейі үнсіз жүрсіз бе, бәрін біліп?..

Қара көзден қашсаңыз, несіне ерсіз,
Бір әдемі бақытқа кешігерсіз.
Қарап қалсам, өтесіз көрмегенсіп,
Оңбағансыз, не деген, кешірерсіз…

Біз енді кездеспейміз…

Кездеспе, жаным, кездеспе маған еш жерден,
Кездесіп қалма керуендей кезек кештерден.
Кеудеңде қалса сонау күндерден от егер, 
Көрсең де мені көрмеген болып өте бер.

Сенсіз де қанша көктемдер келіп, шықты гүл, 
Көшеде көрсең, көзіңді тайдыр, тік бұрыл.
Кездеспе маған, бәрі де енді кеш, күнім, 
Есіме салма өткен күндердің ешбірін.

Онсыз да, жаным, достардың айтқан өлеңі 
Өзіңді жиі есіме сала береді.
Жастық қызығы жаздағы бұлттай тез көшкен, 
Тез көшкендіктен ұмытқан дұрыс, кездеспе!

         *******************

Ғашықпын мен өмірге, ғашық екем,
Ұлты бөтен демеймін, жасы бөтен.
Адал жанды адамның бәріне де
Жүрегімді – қақпамды ашып өтем!

Жақсылықтың бәріне үйір екем,
Тілі бөтен демеймін, күйі бөтен.
Көздерінде мейірім мен тазалық бар
Адамдарды құрметтеп сүйіп өтем!

Құмармын мен тірлікке, құмар екем,
Құмар етпей қоя ма мына мекен?!
Ұрпақтарға қалатын ұлы жерге
Жасағаннан тыныштық сұрап өтем!

         ****************************

Шақырма.
Бұрынғыдай жүгірмеспін.
Сенсіз-ақ өткіземін бүгін кешті. 
Жинармын 
Достарымды тілеп тұрып.
Білмей-ақ қойса екен деп мұңымды ешкім. 

Шақырма.
Құрып жүрек шарасы анық. 
Тұрсада бармаспын мен аласарып.
Қалайша ұмытамын қаталдықпен
Жүрегіме 
Кеткеніңді жара салып.

Мейлі енді «бақытым сен», «күнім сен» де. 
Бармаймын қасіретіңнен бүгілсем де.
Сүймесен іздемессің.
Сүйсен егер –
Қаталдықтың қандай екен. 
Ұғын сен де…

         *************************

Айттым деп ойлайсың ба жөні бар сын,
Мезгілі жеткен кезде оны ұғарсың.
Сен маған жақсы атақты қимай ақ қой,
Жабылып жағымпаздар бөліп алсын.

Бақшадан мені бөліп тастамақ па ең?
сондай-ақ іші қуыс асқабақ па ем.
О,менде билік болса,қарар ең сен
Басқаша көзқараспен қас -қабақпен.

Түрленген ұнатушы емтоты құсты,
Түбінде әділеттің соты күшті.
Сыншым ай сырттай сынап, көзге күліп,
Екіжүзді болғаның өкінішті.

Дайындаған: Ақтолқын ТӘЖІКОВА