ЖЫР ЖАЗАМЫН САҒАН АРНАП, АСТАНАМ!
18 сәуір күні Қазақстан Республикасының Елордасы Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай, Атырау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ел жүрегі –Астана» атты онкүндік басталды. Алғашқы күні Ғ. Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, жергілікті ақын, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың шәкірті ӘлияДәулетбаева мектептің «Жас ақындар» клубының мүшелерімен жүздесті. Қолына қалам алып, өлең жазумен айналысып жүрген оқушылардың шығармашылық жұмыстарымен танысу, оларға бағыт беру мақсатында Әлия ханым ынтамен шеберлік сабағын өткізді.
Ақын шеберлік сабағында «Өлең жазуды ешкімнің үйретпейтіндігін, алайда өлең жазуға ден қойған қабілетті балаларға ақындар тарапынан қолдау көрсетіліп, баулуға болатындығын айтты. «Өлең жазу міндет емес, адам болу міндет екені» адамзат баласының басты қағидасы болуы қажеттігіне, өзінің туып-өскен жерін, анна тілін сүюдің құдіретін білудің ғажаптығына тоқталды. Ақын, ондай ұрпақтың ұлттың қамына алаңдайтын азамат боп қалыптасарына өмірден түрлі мысалдар келтірді.
Әлия Дәулетбаеваның шеберлік сабағында, алдымен, оқушылар өздерінің сүйіп оқитын ақындарының өлеңдерін жатқа айтты. Кейін 12-сынып оқушылары Молдабаев Досқан, Төлегенов Мирас, 9-сынып оқушысы Жұлдызбаева Алтынгүл, 7-сынып оқушысы Ермек Ақжол Елордамыз Астанаға, туған жерге арнап жазған жыр шумақтарын нақышына келтіре оқыды. Ақын Ә. Дәулетбаева оқушылардың жазбаларына өз бағасын беріп, ұсыныстарын айтты. Кездесуде, Мәңгілік елдің арқауына айналған Астананы жырлауда оқушылар өз шығармашылықтарымен таныла алды, шығармашылыққа тың серпін болар мағлұматтармен танысты.
Әнуар Жаманқұлов,
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз хатшысы
Атырау қаласы