Жыр жазды жақсы тілекпен…

Ауасы қандай тұп-тұнық,
Жұтар ма едім, тік тұрып.
Сауығып кетсін Сәуле әпке,
Еліне сөзін ұқтырып .
Тура келсе, турайды,
Жүгенсізді тік тіліп!
Көрген емес, еш қашан,
Есесін жатқа ұттырып.
«Qazaqstan dauiri»-не,
Келе берсін Құт күліп!…
Дәулетбек Байтұрсынұлы
***
Көкшеде жатыр Құт тұнып,
Сәуле апай оны ұқты нық.
Саф ауадан күш алып,
Сырқатты тастар лақтырып.
Менменсіген тауларға,
Қиялын қояр бақтырып.
Аспандағы ақ бұлтты,
Мініп алар ат қылып.
Бурабай деген білгенге,
Таусылмайтын тақырып.
Мақала жазса, билікке,
Бұл жерде жазар батырып.
Аяздың өзі алайда,
Жақындай алмас ақырып.
Апайға шипа ем болып,
Алса екен бізді шақырып.
Шешер едік-ау, сол жерде,
Бар мәселені отырып!…
Нағашыбай Қабылбек
***
«Ауасы қандай түп-тұнық»,
Ақ қар боп жатыр сұп-суық.
Көкшенің жұпар ауасы,
Сырқаттың сырлы дауасы.
Тәнді емес, жанды қояды, —
Көрікті ойға жүкті қып.
Қасиет тұнған өлкеге,
Хан орда тіккен ертеде.
Табиғатына тамсанып,
Ақан мен Біржан ән салып,
Мағжан, Сәкен тамсанып, —
Мөлдір моншақтай жыр жазды,
Өзегін жарып өртене…
Ғасырлар өтті жылыстап,
Алаштан аунап ырыс-бақ.
Қалды ғой деп, мазаққа,
Түсті ғой деп, азапқа.
Тәңірім берді қазаққа,
Азат заманын дұрыстап.
Ну қарағайы теңіздей,
Сұлудың Мөлдір көзіндей,
Көлдері жатыр Көкшенің,
Сыршыл Мағжанның өзіндей.
Қарт қарағайға сүйеніп,
Көкірегіне ғажап күй еніп,
Қарт тарихты еске алып,
«Қоңыр салқын төске алып»,
Сәуле апай жүрді серуендеп,
Маржан қыздан қалған сезімдей!…
Бұл жерге бару көп арман,
«Із қуып қайту сонардан».
Тәніңе дауа тауып кел,
Күш-қайрат жігер алып кел,
Жартастан, таудан, солардан!..
Суретке қарап тамсанып,
Біржан болғысы кеп ән салып,
Жыр жазды жақсы тілекпен,
Ерғазы дейтін «оралман»!..
Ерғазы Сейітқали