«Жырларым – ұрпаққа аманат»
Биыл өңіріміздегі сатира саңлағы, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Сүлеймен Баязитов мерейлі 75 жасқа толды. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханасы ақынның мерейтойы қарсаңында «Жырларым – елге мұра, ұрпаққа аманат» атты кездесу кешін өткізді.
Шараға Ертіс-Баян өңірінің зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Алдымен Қазақстан жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани мерейтой иесін мерейлі жасымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. С.Баязитов сатрира саласында және балалар әдебиетінің дамуына да сүбелі үлес қосқан қаламгер. Шара барысында облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №22 орта мектебінің оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар айтыскер ақын Оразбек Саяхат пен Раушан Амангелді Сүлеймен ағаның Наурыз мерекесіне орай жазған «Қыз бен жігіт» айтысын көпшілік назарына ұсынды. Ақын Алақанұлы, Ғалымбек Жұматов, Балтабай Сыздықов секілді басқа да зиялы қауым өкілдері мерейтой иесіне ақжарма тілектерін айтып, шығармашылық табыс тіледі.
— Сүлеймен Баязитовтың шығармалары өзінің шынайылығымен ерекшеленеді. Әсіресе, кешегі Есентай Ерботин, Мұзафар Әлімбаев, Мүбәрак Жаманбалиновтар қалам тартқан балалар әдебиетіне қосқан үлесі қомақты. Әдебиеттің бұл жанры екінің бірі бара бермейтін ерекше сала. Данаша ойлап, балаша сөйлеуді қажет ететін балалар әдебиеті Сүлеймен Баязитовтың талғамға татитын дүниелерімен толықты деп сенімді айта аламын, деді Қазақстан және Моңғолия Жазушылар Одағының мүшесі Ақын Алақанұлы.
Сонымен қатар дарынды балаларға арналған білім-инновация лицей интернатының оқушылары әдеби кешке қатысып, үлкендердің өсиетін тыңдады. Ақын шығармашылығына арналған шара «Өлеңім – өмірім…» атты кітап көрмесіне ұласты. Бұл көрмеге С.Баязитовтың 18 кітабымен бірге оның жергілікті басылымдарға жарияланған туындылары қойылды. Кітаптардың қатарында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханасының бастамасымен жарық көрген «Қос тіл – қос қанат» атты поэтикалық жыр жинағы бар. Айта кетерлігі бұл жинақтың көзі нашар көретін оқырмандарға арналған (рельефті – нүктелік Брайль шрифті) ерекше нұсқасы да көрмеге қойылды.
Тілеуберді Сахаба