ЖЫРТЫҚ ШАЛБАР……….
Конвертің сыртындағы Көктөбенің суретін көрсек болды, “Сағынсам Көктөбені, жаныма от береді”- деген өлең жолдары еріксіз ойға оралып, Алматыға деген сағыныштан ет жүрегіміз елжіреп жүретін.
Біздің бала күнімізде ауылдың әр баласының арманы Алматыға барып, Көктөбеге шығу еді.
Құдай тілегімді естіп қойды ма, қайдан білейін? Армияға аттанып, Алматыдан бірақ шықтым. Старшина, таңғы алтыдан тауықпен таласып тұрғызады, көзімізді тырнап ашып, бір рота солдат Көк-Төбеге қарай жүгіреміз.
Он бес шақырым жерді күнде жүгіре беріп, енегі салбырап, иттен үріккен еркек тоқтыдай әбден мезі болдық. Сержант аяп, басыңнан сипайтын әкең емес, жүгірмесең, әкеңді танытады.
Өлімнен, ұят күшті-деген. Қатты жүгіре алмасақ та, көштен қалма тайлағым-дегендей барарда қырға қарай беземіз, қайтарда, көксау қойдай жөтеліп, төмен қарай түсеміз. Әйтеуір не керек, ақыр соңы, Көк-Төбені желкемнің шұқыры көрсін е, құдай-дегенге келдік.
Әскерге жаңа келген солдат, кімге сәлем саларын білмей жүрген, жаңа түскен жас келін сияқты. Кімнің, кім екенін білмейсің. Дедтің кім? Дембілдің кім екенін ажыратуға қауқарың жоқ. Тауық байғұсқа қоқылдағанның бәрі қораз дегендей частьта жалғыз жүрсең әр бұрышта әйтеуір көрінгеннен сыбағаңды алатының рас.
Сөйтіп жүргенде қыс болды. Е, құдай Көк-Төбеден құтылдық па-деп жүргенде Ұлттық Ұлан Гвардияға қыстың көзі қырауда екі шелегін құшақтап Алпыстыңқызы Сара апамыз келді.
Ол кісі ата сақалы аузына түскен, Парферий ата Ивановтың төбесінен екі шелек мұздай су құятын әдісімен ауырып жүрген кезі екен. Апамыз келіп кеткеннен кейін әр солдат жаппай екі темір шелектен сатып алдық.
Таң атпай тастай суды төбемізден құямыз. Алматының қысы өздеріңізге мәлім, ызғарының өзі ылғал. Әуелгіде салқын судан ұйқың шайдай ашылып, сергігендей боласың.
Артынша құс етің шығып, казармаға жүгіріп барам дегенше бұтыңдағы дамбалдың өзі сіресіп қатып қалады, ішіндегісін айтпай-ақ қояйық. Жылы жерге кіргесін, шіркін ұйқы қысады.
Қалима балық құсап қайда барып тығылылып ұйықтарыңды білмей далбасалап жүргенің. Адамға еш нәрсе жақпайды, ақырында обалы не керек ышқынып жүгіретін Көк-Төбемізге жете алмай қалдық. Құдай салмасын біз не көрмедік….
“Өлмес құлға жаз шықты”-демекші, алты айдан кейін есімізді әрең жидық. Кімнің-кім екенін біліп, оңайлықпен жан бермейтін жанға айналдық.
Алматы қыз-қырқынның отаны. Өткен кеткен қыздарға қырындаймыз. Күн бата жатаханаларына жасырынып барып, таң ата казармаға ұрланып қайтамыз. Қыз деген қиын ғой шіркін! Махаббат қызық мол жылдар.
Содан құдай салмасын бір күні Жен Пи-дің қыздары вечірге шақырды. Не де болса еркек деген атың бар, ерекше киініп барғың келеді. Киінейін десең, жалаң аяқ, қалтаңда соқыр тиыны жоқ солдатсың.
Басқа амалым жоқ, командир ротаның адъютанты досым еді, салып отырып соған бардым. Өлердегі сөзімді айтып ем, мені аяп кетті-ау байғұс.
Командир бүгін үйіне әскери формасымен кетті, гражданкасы шкафта тұр. Берейін, бірақ таң атпай жеткіз. Өтектеп салып қоюым керек-деді.
Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады. Шалбарының светі изумрудный шелк екен. Қалтасы бар көйлегі, әдемі молочный жібек матадан тігілгені көрініп тұр. Лакированный қою қоңыр түсті туфлиі маған арнап тігілгендей. Сағаты мен көзілдірігі құйып қойғандай тұра қалды.
Қас қарая казармадан қалаға шығатын бірақ жол бар. Ол стадионның артындағы үш метрлік забор. Бер жағы тәуекел, ар жағы алты метрдей ағашпен көмкерілген еңіс сай. Забордан аман-есен асып түссең болғаны, арманың орындалды дей бер.
Мықшыңдап үш метрлік заборға шыққаным сол еді, лакированный туфлиімнің табаны тайды да кетті. Салмақпен ағаштың бұталарын жапыра сындырып алты метр биіктіктен жерге баспен қадалдым.
Он бес минуттай есімнен танып қалыппын. Есімді жисам забордың басында, балақтан кірген бұтақ, шалбарды ауына дейін айырып тастаған. Көйлек қалта тұсынан екіге айрылып, жоңғардың жалауындай талдың басында желбіреп тұр. Лакированный туфлиім “Ну погади”-дегі қасқырдың конкиі ұқсап екі тұмсығы ақтарылып, аш иттің аузындығы шұбар тіліндей, ұлтарағы салақтап тұр.
Сағат шашылып қалған. Әшкидің әйнегі тас тиген терезедей шытынап кетіпті. Аяқ қолымды қозғасам сүйегім сынықтан аман сияқты. Бірақ етім көгеріп, қатты ауырып қалыпты.
Сылтып жүріп, сүйретіле басып, досыма әрең жеттім. Ана көріністі көріп, ол байғұс талып қалды. Артының не боларын іші сезіп тұр ғой. Қанша тіксек те киімдерді орнына келтіре алмадық. Жыртығын жамағанмен, тыртығын келістіре алмадық.
Жастықтың жалынымен қолымызбен жасағанды, досымыз екеуміз мойнымызбен көтеріп екі апта Губаға жатып шыққанымыз бар.
Айтқым келгені бүгінгі жас жігіттерден сол жалынды көрмеймін. Тас шайнап, құм түкіретін уақытта олар жанын қинап қыз үшін тәуекелге бармайтын сияқты.
Кафеге барсақ счетті қызбен пополам бірге бөліп төлейміз-деп қарап отыр бір танысымның жиырма жасар баласы.
Құндылықтар қалай өзгеріп кеткен…….
МАҚСАТ СҚАҚОВ.