Зиялы қауымның «зиянды өкілдерін» тәрбиелеген жазушылар бізде неге көп?!

Қазақтың «жаманнан жақсы туар адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туар бір аяқ асқа алғысыз» деген мақалының «жаны» бар секілді. Соны  «тірілткім» келіп отырғаны. Айтпағым тағы тіл туралы. «Айтылған сөз атылған оқпен бірдей» десек те, әлі күнге тілдің оғынан омақаса құлаған намыссыз (сөйте тұра билік басында отырған) қазақты көрмеппіз. Сондықтан тіл білмейтіндердің кейбірінің шыққан тегіне көз салып көрейік.  Жарайды, биліктің төңірегінде жүргендердің біразы әр саланың өкілдері екені рас. Тілдері де ала- құла.   Ішінде газет парақтап, кітап бетін ашпайтындары қаншама. Көбі кеңес заманында көзіне қамшы тиіп, жалтақ болып қалған қақсалардың балалары. Арқа сүйеген әкелері жылы креслоны қимай, «кеңестің» тулақ болған «шекпенін» сүйретіп жүргендеріне мәз. Тілдің ертеңіне ал өкпе болып жүргендері саусақпен санарлық қана. Қарнымен ойлайтындарға салсаң бәрі керемет.  Сондықтан бүгінгі нысанамыз санасына сыздықтап болсада сөз дарыған, қаламымен қасқыр соқпасада ақыл соққан, сөзбен сурет «өрнектеген», сөйте тұра баласына қазақша үйретуге «құдіреті» жетпеген, көркем сөз шеберлері жайлы болмақ.

Жазушылар мен ақындардың бәріне күйе жағудан аулақпыз әрине. Бірақ кеңес дәуіріндегі жазғыштардың кейбірінің өрескел қателігі зиялы қауымның «зиянды» өкілдерін тәрбиелеп шығарғанын айтпай кетсек тарихқа обал. (Әсіресе тіл мәселесінде).

Сондай «игі жақсыларды» көпке үлгі тұтып, іс әрекетіне тамсанып, үстінен шыбын ұшырмайтынымыз тағы бар. Кейде тіл мен ділдің ауласына ұйытқыған саясаттың жаяу борасыны жүгіргенде,  желдің өтіне ұстайтын шебімізде солар. Қиналғанда қара көріп, сөзін сөйлейтінімізде жасырын емес. Былайша айтсақ ұлттың ұлтаны, тілдің жанашыры  «көрініп», төрде майлы жіліктің басын ұстап, әлдекімге «кектенгенін» көргенде ішің жібіп қалатыны рас. Сөйлегенде магнитше тартып, биязы, майда тілдерімен алқалы топта сөз бастап, ұлтым деп өзеурейтін адам жанының инженерлерінің ішкі дүниесіне үңіліп көрдік пе осы? Сөзінің астарына құрық бойламайтын, ойлары ақжал толқындай адуынды, қиялы «қырық есекке» жүк болардай салмақты, бақай есебіне мықты, сауысқандай сақ қимылдайтын «ақылмандардың» өткен өмірі шежіреге толы. Олардың иірімі көп айдын- өміріне малтып көрсеңіз тереңіне тарта жөнеледі. Сол кезде сезесің сөзбен істің аражігін. Сонда білесің селебедей «өткір» ағалардың екі жүзділігін.

Халық қамын жеген кейбір «аяулы тұлғалардың» ішкі «сахнасына» кірсеңіз қоғамның «қасы қабағын» бағатын қойылымдарға куә болар едіңіз. Кең қолтық қазақпыз ғой танымал тұлғаны жамандыққа қимайтын. Қимағасын «жақсының» жарқын істері ғана есімізде қалады. Қалғанын уақыттың шаң тозаңы басып жата береді. Керісінше, қылбұрау салынған құлын-шындықтың дауысы қыр астынан естілгенде тұла бойың шымырлайды. Тыңдар құлақ болса ғой шіркін дейсің сондайда. Кімдер жайлы айтқалы отырғанымды ішіңіз сезген болар ендігі.

Мысалы, Нұрай Оразовты байланыс және ақпарат министрлігіне келгенше танымағанымыз рас. Көп болса қалталы шенеуніктің бірінің баласы шығар деп жылы жауып қойғанбыз. (Өзіне де обал жоқ.  Бет пердесін ашатын  билікке келіп несі бар еді. Бүгіндері қайда жүргені де белгісіз). Сөйтсек тіл жанашыры, ақын һәм жазушы марқұм Нұрғожа Ораздың бел баласы болып шықты. Қазақшасы жаңа ғана тілі шыққан нәрестеге келіңкірейді. Апыр-ай дестік. Алқалы топта тілі мен ділі үшін қызыл кеңірдек болуға бар, «арқалы» ақынның мұнысы несі? Адам біреуге ақыл айтпас бұрын өзінің жыртығын жамап алса керек-ті. Баласы оқымаған кітапты әуре боп кім үшін жазды екен сонда ағамыз. Ұлты үшін болса баласы оқуы керек еді ғой? Тегінде қарынның қамы-қаламақы үшін жазды- ау бейбақ. Баласына тілді бесіктен үйретсе бұлай болмаған болар еді. Кеңестік дәуірді кінәлағанмен ақсақалдың ұтары аз. Біріншіден, өзін «жазу өнерінің» майталманы санаған қарияның, кейінгі уақытта боратып жазып тастаған шимай-шатпағын, кешіріңіздер тақпағын орыс тілді ұлынан тараған немерелерінің қазақ тілінде оқи алатынына күмәнім бар.

Тағы бір жазушының баласы Қасымжомарт Тоқаев. Қытай тілінің білгірі. Обалы нешік, қазақ тілін елуге келгенде игерген шенеунік. Сенатта қасқиып отыр. Шын ықылас болса тіл үйрену жас талғамайтынын алғаш дәлелдеген жазушының баласы. Әкесі Кемел детектив жанрына қалам сілтеген қарымды қаламгер еді. Өкініштісі, марқұм ағамыз ана тілінде кітап жазып, баласын орысша оқытып кетіпті. Бірақ есті бала әкесіне кір жуытпай сенімді ақтап жүр. Оған да шүкір дейік.

Ал жазушы Немат Келімбетовтың прозасындағы кейіпкерлерінің ұлтжандылығы ғажап. Ауыздарынан шыққан түйдек- түйдек сөздерді айтсаңшы. Осындай адамды жамандыққа қалай қиярсың. Жамандық демекші, шынымен патриот болса баласын қазақша оқытуға не кедергі болды екен ағамызға. Баласы Қайрат Келімбетов «Самұрық- қазына» компаниясының президенті, Ұлттық банктің төрағасы болды. Биік лауазымды қызметтердің біразының дәмін татты. Бүгінгі жалпақ тілмен айтсақ, билік баспалдағында жолы болған жігіт. Әттеген- айы, «жақсы ат аяқтан қалады» дегендей, бұл сабазда тілден ақсап жатыр. Жазушының баласы осындай болғанда қарапайым жұртқа былай деп айтуға ұялады екенсің.

Жоғарыдағы мақалды есіңізге тағы бір түсіріңізде бір кездері Сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы болған Ілияс Омаровты көз алдыңызға елестетіңіз. Орта бойлы, ашаң жүзді, шашы селдір тығыршықтай жас жігіт. Жүріс тұрысы ауыл баласындай ардың- дұрдыңға келмейді, табаны ыстық топыраққа емес, тас бетонға қақталғаны көрініп тұр. Атасы белгілі қоғам қайраткері, жазушы Іляс Омаров. Үлкен Ілястың кіші Ілястан артықшылығы қазақы ауылда өсіп, ана тілінде шығарма жазғаны. Кіші Ілястың кемшілігі атасының шұрайлы шығармасын оқуға тілінің кемшін түсіп жатқаны. Мұны әйгілі жорғаның тұқымының жүрісінен жаңылып, шалыс басқаны деп түсінгеніңіз дұрыс. Тегіне тартса тереңнен қозғайтын азаматтың үркек аттай ана тілінен ат тонын ала қашып «тебініп» сөйлеуі жақсылық емес. «Жаман атқа жал бітсе жанына торсық байлатпас» деген бәлкім осы шығар.

Мұндай мысалдарды зиялы саналатын жазушы қауымның атмосферасына кірсеңіз қиналмай- ақ табасыз. Арқа сүйеген жазушыларымыздың балаларының тіл мәселесінде бұралаң жолға түсіп «адасуында» қандай сыр бар? Келешекке көз жүгертетін «көрегендігі» бар жазғыштардың, расымен қазақ тіліне қарын тұрғысынан қарап, қазақ тілнің өміршеңдігіне күмәнданып, балаларының өмірден «өз жолдарын» табуына жол сілтеп, ұлы көршіміз Мәскеуден оқытуының өзі көп жайды аңғартпай ма? Десекте, балаларының «су ішкен құдығына түкірмейтін» «адалдығына» таңданбасыңа тағы болмайды. Олардың ресми тілге деген құрметінен  «сертке» беріктігін аңғарудың еш қиындығы жоқ. Дегенмен,  қара сөздің майын ішкен ағалар «сақау балаларына» арнап жазбаған шығармаларымен тарихта қалып жатса таңданбаңыздар. Себебі, «жақсы әке жаман үлға қырық жыл азық» болады емес пе?  Біз бұл шағын мақалада билік басына өрмелеген жазушылардың «еркелерінің» бірнешеуіне ғана тоқталып отырмыз. Әйтпесе мақалаға «тамызық» болар азаматтар көп-ақ. Тіл білмеседе биліктен дәмелілері қаншама. Бірақ олардың біразы тасада жүр. Ұрпақтарына да «Әке көрген оқ жонар» тәрбиесін бойларына сіңіріп жатыр. Олардан туған ұрпақтары да ата жолын ұстанары анық.  Осыдан-ақ  қазақ тілінің дамуына зор кедергі келтіріп жатқан кімдер екенін бағамдай беріңіз. Алаштың тағдыры осындай дүмшелердің қолына тисе ертеңді ойлаудың өзі қорқынышты секілді.

 

Нағашыбай Қабылбек