Зияткер ұрпақ ұлыларды ұлықтауда
Оралдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Бұл туралы білім ордасының баспасөз қызметі мәлімет берді. Соның бірі – ұлы ақынның шығармашылығын дәріптеу мақсатындағы сайыста мектеп оқушылары ақын өлеңдерін, мектеп қызметкерлері – қара сөздерін, ал ата-аналар – поэмаларын жатқа айтудан додаға түсті. Нәтижесінде Абайдың 40 өлеңін жатқа білетін жас зияткер, 7-сынып оқушысы Ерасыл Жүсіп бас жүлдені жеңіп алып, бағалы сыйлыққа ие болды. Ал мектеп қызметкерлері арасында Абайдың қара сөздерін оқудан үздік атанған кіші қызметкер Айман Манашеваға демалыс орнына жолдама табыс етілді. Жыр бәйгесінде қалыс қалмаған ата-аналар арасында хакім Абайдың барлық поэмасын жатқа айтатын Вероника Қожина қазылар алқасын тәнті етті. Жеңімпазға ақынның кітаптары сыйға берілді.
Ұлы ойшылдың мерейтойына орай зияткерлік мектепте «Абай әлемі» цифрлы бұрышы ашылып, аймақтық сурет көрмесі, «Абай – жаһандық азамат» дөңгелек үстелі, дәрістер мен интеллектуалды шаралар ұйымдастырылған.
Сонымен қатар білім ордасында ақын Марфуға Айтқожинаның шығармашылығын дәріптеу мақсатында мектеп оқушылары арасында жыр бәйгесі өткен. Оның жеңімпазы болып танылған 11-сынып оқушысы Есбол Әбілқайыр бағалы сыйлықтың иесі атанған. Зияткерлік мектептің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ұлы дала ақындары» жобасы аясында оралдық зияткерлер Марфуға ақынның шығармашылығын терең зерделеуде. Осыған дейін қазақ поэзиясына жауһар жырлар сыйлаған, жаны сұлулыққа құмар ақын туралы жас зияткерлер бейнероликтер топтамасын дайындаған екен.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы