Зорлық-зомбылыққа жол жоқ
«Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген халық едік. Атаға қарап ұл, анаға қарап қыз өсетін. «Есік көргенді емес, бесік көргенді ал» дейтін. Осы өмірден алынған мақалдардың әрқайсысында философия жататын. Біздің уақытымызда кішілер үлкеннің алдын кесіп өтпейтін. Келіндер иіліп сәлем салатын. Бәрі жарасып тұратын. Беттен алып, төске шабатындар ілуде біреу болатын. Оларды халық сабасына түсіретін. «Тәйт» дейтін. Отбасы құндылығы бірінші орынға қойылатын.
Менің нағашымның әйелі – жеңгеміз күйеуінің атын атамай «отағасы» деуші еді. Сол сөздің астарында үлкен зиялылық жататын. Қайын, қайын-сіңлілерінің есімін атамай әрқайсысын қошеметтеп «мырзажан, мырза бала, айнамкөз, ботакөз» деуші еді. Бәрі жарасып тұратын. Сыйластық бар жерде, қандастық, туыстық қанат жаятын.
Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң ұлттық құндылықтарды ұмыта бастадық. Шетелдік миссионерлер елімізге келіп алып, салт- дәстүрімізге жат ағымдарды ала келді. Олар миымызды жат ағымдармен улады. Салафизмді әкелді. Өзге елдердің салт-дәстүрін, діни сенімін тықпалады. Батыстық мәдениетті тықпалады. Осылардың барлығы жаны таза, арамдықты білмейтін, қулық-сұмдықпен ісі жоқ жастарымызды жаңылыстырды. Еліктеушілік пайда болды. Кіші үлкеннің, үлкен кішінің қадіріне жетпеді. Еліктемей, солықтаушылар көбейді. Әсіресе, дін халқымызды он бөлікке бөлді. Түсінбегендер дінді идеалы етіп алды. Алланың атымен жаманшылықтың ұрығын шашты. Ең сорақысы – отбасы құндылығы шайқалды. Дінді желеу етіп, әйелін талақ дейтіндер шықты. Ең сұмдығы адамшылық қасиеттен ажырап, жас сәбилерге, он екіде бір гүлі ашылмаған қыздарға зорлық-зомбылық жасайтын қанішерлер пайда болды.
Оған арыға бармай-ақ соңғы кездері әлеуметтік желіден және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған хабарлардан көріп- естіп жағамызды ұстап отырмыз. Тіпті, адамның аузы бармайтын, айуандықтан да асып түстік.
Неге соншалықты рухани құлдырадық, мені ақсақал ретінде осы сауал толғандырады. Көзіміз көріп жүр, бүгіндері шаңырақтың шайқалуы оп-оңай дүниеге айналды. Жыл басынан бері билерге отбасы тікелей немесе аудандық сот арқылы он айда аудан бойынша 70 отбасы неке бұзу туралы шағым түсірді. Арызданушылардың дені әйел-аналар. Осыдан он жыл бұрын үйленгендеріне екі-үш жыл толмай жатып, ажырасатын жастар көп болушы еді. Енді жастары 35-40-ты алқымдаған, 3-4 баланың егесі болған отбасылардың ажырасуы кеңінен етек алып отыр. Көбінің тағатын кінәсі, күйеуі жұмыс істемейді, енесі баласының сөзін сөйлейді, я болмаса қызғаныштан дегенге келеді. Соңғы кездері аудандық сотпен бірлесіп медиация кабинетінде сондай отбасылардың дау-дамайын қарап, бітімгерлікке шақырып жүрміз. Өкінішке орай, ер азаматтар иілгенімен әйелдер райынан қайтпайды. «Қарағым, анау көзі жәудіреген 3-4 баланың болашағын ойласайшы, тірі жетім етпе» дейміз оларға. Уәжімізге көнбейді. Әкесіз өсетін баланың жасық, намыссыз өсетіні ойландырмайды оларды. Олардың ертеңгі қиындығын әкесінен өндіріп алатын 5-10 тиынмен өлшейді. Алименттің де құнсыз екенін түсінбейді. Әрі- беріден соң ер азаматтар да өздерінің басты парызы, отбасын асырау, сақтау екендігін түсінбейді. Қазір не көп, күйеуінен ажырасқан әйел көп, жас таңдамайтын жеңіл жүрісті қыздар көп. Оларды отбасы мәселесі қызықтырмайды. Аз күнгі жүрістеріне мәз.
Талас аудандық билер кеңесі аудандық сотпен, аудандық полиция бөлімімен, ондағы зорлық-зомбылыққа қарсы орталықтың қызметкерлерімен бірігіп отбасын сақтап қалу жөнінде белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл іске аудандық аналар кеңесін де тартып жүрміз. Алайда, нәтиже көңіл көншітпейді.
Отбасын сақтау үшін, әсіресе зорлық- зомбылыққа жол бермеу үшін не істемек керек? Бұл мәселенің шешімін табу үшін Парламент депутаттары да барынша жұмыс жасауда. Ана мен баланың құқығын қорғау үшін заңды күшейту керек деп санайды олар. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, ең алдымен қоғам болып, халықтық тәрбиені қалпына келтіруіміз керек сияқты. Бұзылып бара жатқан отбасын көріп отырып «бұл олардың ішкі жұмысы» десек, онда қатты қателесеміз. Қанша жамандасақ та отбасын сақтау үшін Құнанбайлардың тәртібі керек. Әсіресе ағайын, өз әулетінің абыройын ойласа, ауық-ауық жиналып, ортасын тәртіптеп отырса, тентегін тыйса, жеңіл жүрістісін, жүгенсізін сөксе ғана, қазақтың шаңырағы шайқалмайды деп ойлаймыз. Әсіресе, ел сыйлаған ақсақалдар, қолында билігі бар басшылар еліне, ұжымына дұрыс бағыт берсе, өздері тазалығымен үлгі көрсетсе, өнегелі отбасын марапаттап отырса, неге түзелмеске. Қиын, қиын жол, бірақ тәрбие мен тәртіптен басқа, ағайынның намысынан басқа ешнәрсені көріп тұрған жоқпын. Айтуға аузымыз бармайтын сұмдықтарға тосқауыл қоюға ел болып ұмтылайық, ағайын. Рухани азғындамайық. Жардың жағасында тұрмыз, құздан құламайық. Құдайдан қорқайық. Ата- бабамыздың әруағын сыйлайық. Әр қазақ менің жалғызым дейік.
Ақ жол газеті